Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Жетісу облысының тұрғындары солтүстікқазақстандықтарға жылу жіберді

Жетісу облысының тұрғындары солтүстікқазақстандықтарға жылу жіберді

Көлемі 40 тоннаны құрайтын гуманитарлық көмек Солтүстік Қазақстан облысына келді. Жеткізілген өнімдердің ішінде картоп, пияз, ұн, қант және басқа да азық-түлік өнімдері, киім, тұрмыстық химия заттары, төсек-орын жабдықтары бар, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Жалпы су тасқыны басталғалы Жетісу өңірінен еліміздің су басқан аймақтарына 190 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді. Бұдан бөлек, жұртшылық түрлі қайырымдылық қорларына да жылу жіберген. Көмекті жинауға «AMANAT» облыстық филиалы, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер белсенді қатысты.

«Бұл гуманитарлық көмек Жетісу жұртшылығынан шын жүректен жіберіліп отыр. Игілікті іске мүмкіндігі шектеулі жандар да белсенді ат салысты. Сондай-ақ, «Ажар» тігін фабрикасы, Қазақстан халқы ассамблеясы, қарапайым адамдар да өз үлестерін қосты. Біз осылай біріккен кезде ғана барлық қиындықты жеңіп шығамыз», – деді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.

Соңғы 2,5 аптада Солтүстік Қазақстан облысына 1300 тоннадан астам гуманитарлық көмек келді. Оның барлығы «Радуга» ЖШС қабылдау орталығында сұрыпталады және ресми беру нүктелеріне жіберіледі. Оның үшеуі – Петропавлда орналасса, қалғаны – Қызылжар ауданында орын тепкен. Әрбір көмек тарату орталығы су астында қалған жеке ауданға тағайындалады. Беру үшін көше бойындағы аға тұлғалар анықталды, олар қажетті тізімдерді қалыптастырады, соның негізінде зардап шеккен аудандар тұрғындарының ішінен жауапты тұлғалар мұқтаж жандарға тауар таратады.

Сонымен қатар, бұл күні Алматы облысынан «Damu Logistics» компаниялар тобы 45 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде бұқтырылған тағам, тұрмыстық химия, тамақ, балалар тағамы, су және басқа тауардар бар.

«Барлық керек заттарды әкеліп отырмыз. Оның арасында вентиляторлар, үтіктер мен төсек орындар бар. Көмекке мұқтаж жандар ресми беру нүктелеріне келіп ала алады»,- деді «Damu Logistics» компаниялар тобы директорының орынбасары Арман Шаймергенов.

Shares