Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда арнайы ХҚКО-ларда мемлекеттік қызметтердің қауіпсіздігін арттыру үшін биометриялық сәйкестендіру енгізілді

Қазақстанда арнайы ХҚКО-ларда мемлекеттік қызметтердің қауіпсіздігін арттыру үшін биометриялық сәйкестендіру енгізілді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы автокөлік иелері мен емтихан тапсырушыларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында (арнайы ХҚКО) тұлғаны биометриялық сәйкестендіру технологиясын енгізді, деп хабарлайды QZ News.

Жаңа жүйе мемлекеттік қызметтерді алу процесінің қауіпсіздігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұған дейін тұлғаны сәйкестендіру арнайы ХҚКО қызметкерлері ұсынылған құжаттардың негізінде жүргізетін. Енді әрбір қызмет алушы фотосуретке түсіріледі, ал жүйе алынған бейнені мемлекеттік деректер базасында сақталған фотосуретпен автоматты түрде салыстырады. Бұл жалған құжаттар мен электронды құрылғылардағы бөтен фотосуреттерді пайдалану мүмкіндігін болдырмайды.

Мемлекеттік корпорация басқармасының төрағасы Арман Кенжеғалиевтің айтуынша, биометриялық сәйкестендіруді енгізу адами факторды жоюға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде бұзушылықтарға жол ашып, жүйенің ашықтығын төмендететін.

«Биометриялық сәйкестендіру – арнайы ХҚКО-ларда құқықбұзушылықтарды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың тікелей жолы. Бұл заманауи технология мемлекеттік қызмет көрсетудің заңды әрі ашық жүйесін қалыптастыруға тағы бір қадам жақындатады», – деді ол.

Биометриялық сәйкестендіруден өту мүмкін болмаған жағдайда, мемлекеттік қызмет көрсету процесі жүйе тарапынан бұғатталады.

Shares