Петропавл қаласында су тасқынынан зардап шеккен Ойқала шағынауданын абаттандыру жұмыстары жалғасуда

2024 жылғы көктемгі су тасқынынан қатты зардап шеккен Ойқала шағынауданында абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұрын су басып, кейін бұзылған үйлердің орнына тұрғындар демалатын заманауи қоғамдық кеңістікке айналатын жаңа скверлер салынуда, деп хабарлайды QZ News.

Бұл іске «AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері белсене атсалысып жатыр. Жұмыстар апта сайын өткізіліп тұратын «Таза бейсенбі» дәстүрлі экологиялық акциясы аясында жүргізілуде. Бұл іс-шара елді мекендерді таза әрі жайлы етуге ниетті азаматтар, мемлекеттік қызметшілер мен партия мүшелерін біріктіреді.

«Ойқаладағы сквер – жай ғана абаттандыру элементі емес. Бұл – апаттан зардап шеккен адамдарға деген қамқорлық пен қайта қалпына келтірудің белгісі. Біз бұл жерді отбасылар, балалар мен қарттар үшін демалыс орнына айналдыруға өз үлесімізді қосуды мақсат етеміз», – деді «AMANAT» партиясының СҚОФ өкілдері.

