Қазақстанда «кеңсесіз» жұмысшыларға қанша жалақы төлеуге дайын
Елде аспаз, даяшы, ораушы, жүк тасушы сынды «кеңсеге қатысы жоқ» мамандықтарға сұраныс артып келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы орташа номиналды жалақы 430 мың теңгеден асса, медиандық жалақы шамамен 309 мың теңгеге жеткен. Алайда мұндай табысты барлық азаматтар ала бермейді – көпшілігі бұдан әлдеқайда төмен жалақы алады, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
HeadHunter сарапшыларының мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда қол еңбегімен айналысатын, яғни «кеңсесіз» жұмысшыларға арналған бос орындар саны артқан.
Әсіресе, қара жұмысшыларға сұраныс күрт өсті. Бұл салада ұсынылатын медиандық жалақы – 247 221 теңге. Бұл – жарты бос жұмыс орындарында көрсетілген жалақы осы сомадан төмен, ал қалған жартысында – жоғары дегенді білдіреді. Даяшы мен бармендерге де сұраныс өсуде – олардың медиандық жалақысы 252 702 теңгені құрайды. Одан кейінгі орында аспаздар, наубайшылар мен кондитерлер – 288 689 теңге.
Қазақстанда сонымен қатар сатушы-кеңесшілер мен кассирлер қажет – бұл қызметтерге ұсынылатын жалақы – 229 471 теңге. Бұдан кейін танымалдық бойынша жүргізушілер тұр – 300 152 теңге.
«Кеңсесіз» жұмысшыларға арналған ТОП-10 бос жұмыс орындарының қатарында сауда өкілдері бар, олардың медиандық жалақысы ең жоғары – 354 874 теңге. Алайда кей жағдайда азаматтардың жалақыға деген үміті жұмыс берушілердің ұсынысымен сәйкес келмейді.
Мысалы, жүргізушілер өз түйіндемелерінде айтарлықтай жоғары жалақы – 351 195 теңге сұрайды. Аспаздар мен наубайшылар – 326 704 теңге, call-орталық операторлары – 229 077 теңге жалақы күтеді.
Ал керісінше жағдай да бар – даяшы, бармен және бариста мамандықтарында түйіндемелердегі жалақы талаптары жұмыс берушілер ұсынған сомадан төмен – 213 041 теңге. Сол секілді сатушы-кеңесшілер мен кассирлердің де күтілетін жалақысы – 213 001 теңге.
Айта кету керек, бұл көрсеткіштер – азаматтардың қолына алатын нақты жалақысы емес. Жұмысқа орналасу кезінде жалақы көлемі жиі жеке талқыланады және кейде жұмыс берушілер білікті маманды жоғалтпас үшін бастапқы ұсыныстан жоғары жалақы төлеуге келіседі.