Қозыбаев университетінің 1300-ге жуық студенті баспанаға мұқтаж
Солтүстік Қазақстан университетінде студенттерді жатақханаға орналастыру жұмысы басталды. Тұрғын жайға 1300-ге жуық өтініш берілген. Құны – шарттарға байланысты 7500 бен 15000 теңгенің. аралығында. Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және мүмкіндігі шектеулі студенттер тегін тұратын болады, деп хабарлайды QZ Media.
Орындар бірінші кезекте әлеуметтік осал отбасылардан шыққан студенттерге беріледі. Бұл – жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі студенттер, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары және ата-анасы 1,2 топтағы мүгедек жандардың балалары. Содан кейін барлық бірінші курс студенттері жайғасса, қалған орындар өзге студенттерге беріледі.
«Қозыбаев университетінде 3 студенттік жатақхана бар. Сонымен қатар, 10 корпустың 3 қабаты – тұрғын жай. Жалпы орын саны – 1372. Сондай-ақ, университет Театр көшесінде орналасқан 160 орындық нысанды және Бескөлдегі Солтүстік Қазақстан егіншілік ғылыми-зерттеу институтының 80 орындық ғимаратын жалдайды», – деп хабарлайды университет өкілдері.
Осыларды қосқанда студенттердің бәріне орын жетеді. Айта кету керек, жазғы кезеңде жатақханаларда студенттердің тұруы үшін жағдай жасалды. №1 және №2 жатақханаларда душ бөлмелері жөндеуден өтті. Сонымен қатар, екінші жатақханада барлық ағаш терезелер заманауи пластикалық терезелерге ауыстырылды. Оныншы корпуста бөлмелерде, дәліздерде, ас үйде, душ бөлмелерінде және жуынатын орындарда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңа жиһаздар мен тұрмыстық техника сатып алынды.