«Qyzyljar» АЭА-да құны 37,3 млрд теңге болатын нан зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр
«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында «Бейкертон» ЖШС-ның жаңа нан-тоқаш өнімдері зауытының құрылысы белсенді түрде жүргізілуде. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі – 37,3 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 15 000 тонна өнім өндіру қуатымен жұмыс істеп, 378 тұрақты жұмыс орнын ашуы жоспарлануда, деп хабарлайды QZ News.
Жоба өңір мен ел үшін стратегиялық маңызға ие, себебі ол 24% көлемінде импортты алмастыруды көздейді. Сонымен қатар өнімнің елеулі бөлігі көршілес елдерге – Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға экспортталатын болады.
«Бейкертон» ЖШС-ның АЭА қатысушысы ретінде тіркелу келісімшарты 2023 жылғы 21 қыркүйекте жасалды, ал 26 қыркүйекте компанияға ресми қатысушы куәлігі берілді. 2024 жылғы 3 қыркүйекте жобаның бас мердігері ретінде BI Group құрылыс холдингімен келісімшарт жасалды.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Жоба өкілдерінің айтуынша, негізгі өндірістік ғимаратқа арналған темірбетон және іргетас жұмыстары жүргізілуде, металл конструкцияларын орнату белсенді түрде атқарылуда.
Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің (ӘТК) монтажы аяқталған, бақылау-өткізу пунктінің (БӨП) іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ іргетастарды су оқшаулау және аумақтан суды бұру жұмыстары қолға алынған.
Болашақ өндіріс орнына арналған негізгі технологиялық жабдық Ресей Федерациясынан жеткізілуде. Шикізат пен материалдар ретінде ресейлік және қазақстандық ресурстар қолданылатын болады.