Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Алаяқтардың арбауына түскен зейнеткерге СҚО полицейлері 27 миллион теңгені қайтарды

Алаяқтардың арбауына түскен зейнеткерге СҚО полицейлері 27 миллион теңгені қайтарды

Петропавлда 66 жастағы зейнеткерге өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған алаяқ қоңырау шалған. Ол әйелге белгісіз біреулер оның пәтерін тартып алмақшы деп сендіріп, оларды әшкерелеу үшін тұрғын үйді «жалған келісімшартпен» шұғыл түрде сату қажет екенін айтқан, деп хабарлайды QZ News.

Алаяқтың сөзіне сенген қала тұрғыны өзіне тиесілі екі пәтерін сатып жібереді. Ол тергеу құпиясын сақтап жатырмын деп ойлап, бұл туралы ешкімге тіс жармаған. Алайда туыстары күдіктеніп, зейнеткерді полицияға жүгінуге көндіреді. Бірақ әйел сол уақытқа дейін ақшаның бір бөлігін қылмыскер ұсынған шоттарға аударып, қалғанын курьерге қолма-қол берген.

«Курьер 27 миллион теңгені қолма-қол Астанаға жеткізген. Ақша екі «дроппер» арқылы өткен, бірақ жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының арқасында шетелге жөнелтілмей тұрып тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жәбірленушінің банктік түбіртектерді сақтап қалғанын ескере отырып, азаматтық іс жүргізу тәртібімен аударылған соманы да қайтарып алу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасуда», – деп хабарлады СҚО ПД.

Shares