Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ойнаймын деп от басу: жыл басынан бері СҚО-да жалған терроризмнің 8 фактісі тіркелді

Ойнаймын деп от басу: жыл басынан бері СҚО-да жалған терроризмнің 8 фактісі тіркелді

Жалған терроризм – жай бұзақылық емес, қоғамдық тәртіпке қол сұғатын қауіпті қылмыс. Әрбір жалған қоңырау немесе хабарлама бейбіт тұрғындар арасында үрей тудырып, маңызды кәсіпорындардың жұмысының тоқтауына себеп болады. ІІМ осындай “орынсыз қалжың” үшін қандай жаза қарастырылатынын еске салды, – деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Биыл ішкі істер органдары жалған терроризм фактілері бойынша 118 қылмыстық іс тіркеді. 21 қылмыстық іс бойынша күдіктілер анықталып, ұсталды. 11 адамға қатысты үкім шығарылды, олар түрлі қылмыстық жазаға тартылды. Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қоса кетейік, жыл басынан бері СҚО-да жалған терроризмнің 8 фактісі тіркелген.

«Мұндай қылмыс жасаған адамдар арасында кәмелетке толмағандар саны артқанын атап өткен жөн. Мәселен, өткен жылы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар жасағаны үшін 12 кәмелетке толмаған ұсталды, олардың үшеуі бас бостандығын шектеуге байланысты нақты қылмыстық жазаға тартылды. Биыл 11 жасөспірім ұсталды. Бүгінгі таңда төрт балаға қатысты іс қылмыстық жаза жасына жетпеуіне байланысты тоқтатылды. Олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау” жауапқа тартылды, оларға айыппұл салынды. Бірақ қалған балаларға қатысты тергеу жалғасуда», – деп атап өтті Дархан Разуев.

Бұл қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған жағдайда залалды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

 

Shares