Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл қаласының кіреберісіне «Ботай» ескерткіші орнатылады

Петропавл қаласының кіреберісіне «Ботай» ескерткіші орнатылады

Петропавлда «Оңтүстік» бекеті жағынан кіреберісте қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар Қала күніне орайластырылып, қонақтарға заманауи әрі тартымды көрініс ретінде әсер сыйлауды мақсат етеді, деп хабарлайды QZ News.

Қайта жаңартылған кіреберістің негізгі элементі «Ботай» ескерткіші болмақ. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, бұл таңдау кездейсоқ емес: Ботай мәдениеті Солтүстік Қазақстан облысы аумағында пайда болып, Айыртау ауданында алғаш рет жылқы қолға үйретілген. Бұл өңірдің тарихи және мәдени маңыздылығын айқындайды.

«Жобаға сәйкес, кіреберіс аумағында орындықтар, көше шамдары, төбешіктер, жол жабынын төсеу, гүлзарлар орнатылады. Барлық жұмыстарды шілде айының басында аяқтау жоспарланып отыр», – деді Серік Мұхамедиев.

Қайта құруға байланысты ескі «Петропавл» стелласы да алынды. Бұған оның апатты жағдайы себеп болған.

«Металл элементтері толықтай тот басқан. Техникалық мүмкіндік болса, стелла қайта жөнделіп, бұрынғы орнына немесе қаланың кіреберіс аумағына қойылады», – деп атап өтті қала әкімі.

Shares