Тәртіпке салу мүмкін болмай отыр: СҚО-да есепте тұрған тұлға 10-нан астам жазбаша ескерту алған
Жазаны өтеудің белгіленген тәртібінен қасақана жалтарған сотталғандарға қатысты прокурордың келісімі бойынша соттарға жазаны ауыстыру туралы материалдар жіберіледі. Мұндай жайт Мамлют ауданында орын алды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мамлют ауданының ПҚБ есебінде 40 жастағы сотталған тұрған. Азаматша бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған, әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы 13 жазбаша ескерту алған. Қысқасы, бағынбаған. Алайда, жаза қатаң. Қызметкерлердің заңды талаптарын және сотпен жүктелген міндеттерді жүйелі түрде бұзғаны үшін сотқа жазаны ауыстыру туралы материалды жіберу шешімі қабылданды.
“Сотталған адам жүргізіліп жатқан профилактикалық және тәрбие жұмысына назар аудармады. Тиісінше, жазаны қоғамнан оқшауламай одан әрі өтеу жағдайында түзетуге және қайта тәрбиелеуге жатпады. Алдын алу мақсатында есепте тұрған басқа сотталғандар да ашық сот процесіне шақырылды. Сот қаулысымен бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның 2 жыл 8 ай 4 күн өтелмеген мерзімі сол мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылды”, – делінген арнайы хабарламада.