СҚО-да тасқыннан зардап шеккен 700 үй жөнделуде
Облыс бойынша инфрақұрылымды қалпына келтіру, үйлерді жөндеу және тұруға жарамсыз баспананы бұзу жұмыстары жалғасуда. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданындағы Тепличное, Петропавлдағы Былғары және Заречный кенті, Ойқала шағын ауданында үйлерді жөндеу және апатты үйлерді сүру барысын тексерді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бұл жұмыстарды әр ауданнан көмекке келген механикалық бригадалар атқаруда. Барлығы 600-ден астам адам жұмылдырылған.
Бүгінгі таңда қалпына келтіруге келмейтін 220 үй бұзылды. Облыс бойынша барлығы 1972 үй жөндеуді қажет етсе, оның 700-інде жөндеу жүріп жатыр. Өңір басшысы жауапты басшыларға және бекітілген аудан әкімдерінің орынбасарларына үйлерді мұқият кептіріп, жөндеуді сапалы жүргізуді тапсырды.
Тұрғын үй мәселесін шешу қатаң бақылауда. Жаңа «Бірлік» шағын ауданында 100 отбасы жаңа баспанаға ие болды. 600 үйдің құрылысы жалғасуда, олар кестеге сай берілмек. Облыста екінші нарықта 450 пәтер сатып алынды. Бұл жұмыс жалғасуда.