Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Мемлекет басшысы СҚО механизаторын lll дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы СҚО механизаторын lll дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады

October 23, 2026 15:49

2026 жылғы 23 қазанда Республика күніне орай өткен салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының механизаторы Сергей Пустыльниковты атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.

«Осы айтулы күні біз Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының механизаторы Сергей Николаевич Пустыльниковтың еңбегін ерекше атап өтеміз. Ол ауыл шаруашылығы саласында отыз жыл бойы жемісті еңбек етіп, мол тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп келеді. Еңбектегі жетістіктері мен кәсібіне деген адалдығы үшін Сергей Николаевич Пустыльников III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, елімізде ұлт денсаулығын нығайтуға және зияткерлік тұрғыдан дамыған ұрпақ тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді.

«Біздің міндетіміз – педагогтер мен медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету, олардың еңбегін құрметтеу. Бүгін аға мейіргер Анар Рахманбекқызы Әбдікұлова мен еңбек сіңірген педагог Салима Ибрайымқызы Жұмамұратова «Шапағат» медалімен марапатталады. Қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі. Еліміздегі бірлік пен келісімді нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азамат «Ел бірлігі» орденімен марапатталады», – деп жалғастырды Президент.

Мемлекеттік наградалармен Қазақстанның тұрақты дамуына ерекше үлес қосқан және осы бағыттағы еңбегін жалғастырып келе жатқан азаматтар да марапатталды.

Сондай-ақ Есіл ауданының «Азия-Таранғұл» ЖШС басшысы Петр Федорович Гольцер «Парасат» орденімен марапатталды. Ол ауыл шаруашылығы саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Соның ішінде 20 жылдан астам уақыт бойы кәсіпорынды басқарып отыр. Осы жылдар ішінде ол ауқымды жұмыс атқарып, адамдарға қамқорлық танытып, туған өлкенің дамуына елеулі үлес қосты.

Shares