Полицейлер саяжай қоғамында өрттен 63 жастағы ер адамды құтқарып қалды

Кешкі уақытта кезекті патрульдеу кезінде Петропавлда екі полицей Новопавловка ауданындағы саяжай қоғамдастықтардың бірінде өрт шыққанын байқайды. Жалын шарпыған үйдің ішінде адам болуы мүмкін еді. Құқық қорғау қызметкерлері ойланбастан көмекке асықты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Қуаныш Сүлейменов пен оның орынбасары Жомарт Тасбаев «Солнечный» кентінде патрульдік экипаждардың жұмысын тексеріп жүрген. Қалаға қайтып келе жатқанда, олар саяжай қоғамдастықтарының бірінен шыққан өртті байқайды.
Полицейлер дереу жедел басқару орталығына хабар беріп, өрт сөндірушілерді шақырды. Содан кейін оқиға орнына бет алды. 10-линия көшесінде орналасқан саяжай үйі отқа оранған. Көршілерінің бірі үй ішінде адамның қалып қоюы мүмкін екенін ескертті.
Осы уақытта ғимаратты түгелдей жалын шарпыған еді. Үйге кіреберіс жақтан жақындау мүмкін болмағандықтан, полицейлер көрші учаскенің қоршауынан асып өтуге мәжбүр болды. Жанып жатқан үйдің жанынан олар ер адамды көрді. Ол сыртқа шығып үлгергенімен, оттан небәрі бір метр қашықтықта жатқан.
Оған жақындау оңай болмады. Жалынның ыстығы жақындауға мүмкіндік бермеді, ал шатырдан жарылып жатқан шифердің тарсылы естіліп жатты. Дегенмен уақыт жоғалтуға болмайтын еді. Қуаныш Сүлейменов пен Жомарт Тасбаев ер адамды көтеріп, жанып жатқан үйден қауіпсіз жерге алып шықты. Содан кейін жедел жәрдем шақырды.
Құтқарылған саяжай иесі 63 жаста. Ол патрульдік көлікке жеткізілген соң есін жинай бастады, алайда не болғанын бірден түсіне алмады. Ер адамнан алкогольдік масаңдық белгілері байқалған. Болған оқиға туралы түсіндірудің орнына ол аяқкиімі мен телефонын тауып беруді сұраған. Біраз уақыт өткен соң ғана оның өлім аузынан қалғанын түсіне бастаған.
«Мұндай сәтте ең бастысы – абдырап қалмай, адамға дер кезінде көмектесу. Жаныңда үй жанып жатса және оның ішінде біреудің қалып қоюы мүмкін екенін білсең, бірден әрекет ету керек», – дейді полицейлер
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтады.
