Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда саңырауқұлақ өндірісі айына 360 тоннаға дейін ұлғайтылады

Петропавлда саңырауқұлақ өндірісі айына 360 тоннаға дейін ұлғайтылады

October 26, 2026 11:38

Петропавлда «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қолдауымен салынған «EcoGlade» ЖШС саңырауқұлақ фермасы кеңейтіліп жатыр. 2025 жылдың соңында іске қосылған кәсіпорын бүгінде айына 90 тонна шампиньон өндіреді. Құрылыстың кезекті кезеңі аяқталғаннан кейін кешеннің өндірістік қуатын айына 360 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл Қазақстан нарығының саңырауқұлаққа деген сұранысының едәуір бөлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Кәсіпорын бірнеше айдың ішінде өндіріс көлемін арттырып, компостты өз күшімен өндіруді жолға қойды. Бұған дейін ол Ресейден сатып алынатын. Енді шампиньондар өз өндірісінде дайындалған шикізат негізінде өсіріледі. Бұл – кәсіпорынның дамуы мен өндірістік дербестігін нығайту жолындағы маңызды қадам.

Келесі кезеңде саңырауқұлақтарды өңдеу өндірісін іске қосу көзделген. Жыл соңына қарай фермада шампиньондарды консервілеу және мұздату жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа қажетті жабдықтар жеткізіліп, қазір монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Өнімдерді өңдеу ассортиментті кеңейтіп, тұтынушыларға дайын өнімнің жаңа түрлерін ұсынуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның дамуындағы маңызды оқиғалардың бірі – саңырауқұлақ фабрикасының үшінші кезегінің құрылысы басталуы. Жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп, құрылыс жұмыстары қолға алынған.

«Қазір жұмыс істеп тұрған шампиньон өсіруге арналған 12 камераға тағы 12 камера қосамыз. Бұл өндіріс көлемін айына 360 тоннаға немесе жылына 4,4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстан нарығының саңырауқұлаққа деген сұранысының шамамен 50 пайызын қамтамасыз ете аламыз. Нысанды 2027 жылдың жазында пайдалануға беру жоспарланған. Ал жобалық қуатына шығу үшін тағы үш-төрт айдай уақыт қажет болады», – деді «EcoGlade» ЖШС директоры Екатерина Асаёнок.

Қазіргі уақытта Петропавлдағы ферма өнімдері Петропавл, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай және Павлодар қалаларына жеткізіледі. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын кәсіпорын жеткізу географиясын кеңейтіп, еліміздің басқа да нарықтарына шығуды көздеп отыр.

Жобаны жүзеге асыру мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды. Құрылыс жұмыстары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қатысатын «СҚО тәжірибесін тарату» бағдарламасы аясында қаржыландырылуда.

Жобаның жалпы құны 17 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорынды кеңейту барысында 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша, саңырауқұлақ фермасының ұлғаюы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс мүмкіндіктерін де қалыптастырады.

Shares