Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

October 25, 2026 12:00

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды QZ NEWS.

«Сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын!

Бұл мерекенің айрықша маңызы бар. Ол сан ғасырлық қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын білдіреді. Біз егеменді даму жолында талай тарихи белестерді еңсеріп, маңызды оқиғалар мен елеулі жетістіктерге толы ұзақ әрі күрделі жолдан өттік.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қарай Қазақстан экономикасы қуатты, қоғамы прогрессивті, халықаралық аренада беделді әрі ықпалды мемлекетке айналды.

Биыл еліміз тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы қаланды. Іс жүзінде бұл – мемлекетіміздің дамуындағы жаңа белес. Біз институционалдық тұрақтылық пен адами капиталдың сапасы жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің кепілі саналатын дамыған, озық әрі зайырлы мемлекет құрып жатырмыз.

Конституцияның күшіне енуі тарихи тұрғыдан ерекше оқиға болды. Бұл халықаралық қоғамдастықтың назарын аударды. Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасауға қуатты серпін берді.

Конституциялық құндылықтарға сүйене отырып, біз жоспарлы өзгерістерге бағытталған стратегиялық бағдары­мызды нық ұстанып, алдымызға қойған барлық міндетті жүзеге асырамыз. Қазір озық технологиялар мен инновацияларды кезең-кезеңімен енгізіп, жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтіп келеміз.

Жаңа өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды жаңғыртып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салып жатырмыз. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған көптеген жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Алайда ең бастысы – біз ұлт ретінде жасампаз мақсаттар мен жарқын мұраттар төңірегіне топтасып, болашаққа сеніммен қараймыз.

Білімге ұмтылу, адал еңбек ету, жоғары жауапкершілік пен шынайы отаншылдық азаматтарымыздың дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Біз ұлт рухын нығайтып, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырып, Заң мен тәртіп, Тазалық пен Табиғатқа жанашырлық, Бірлік пен келісім құндылықтарын орнықтыра отырып, ортақ шаңырағымызды өркендетіп жатырмыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында егемендігімізді нығайтып, Әділетті, Қауіпсіз, Прогрессивті әрі Таза Қазақстанды құратынымызға сенімдімін.

Көк Туымыз әрдайым асқақ желбіресін! Отанымыз өркендей берсін!

Республика күні құтты болсын!» – деп құттықтады Қазақстан Президенті.

Shares