Сқо-да аутизм орталығына оқуға түсу үшін 253 бала кезекте тұр
Солтүстік Қазақстан облысындағы аутизм орталығында әлі де кезек мәселесі өзекті болып қала береді. 2023 жылдан бастап орталық екі ауысымда жұмыс істей бастағанына қарамастан, 253 бала әлі де мамандандырылған психологиялық-педагогикалық қолдауға мұқтаж. Жалпы өңірде 723 бала аутизммен ауырады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Инклюзивті қоғам құру мәселесі «AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафинаның сөзіне қарағанда, жылдың соңында «Береке» шағын ауданында салынып жатқан №2 арнайы мектеп-интернат қолданысқа берілгеннен кейін сол жерде де аутизм орталығын ашу жоспарланып отыр.
«Мүгедектерге арналған көтергіш сатыны орнатуға қорытынды алынды. Сондай-ақ 3-қабатта 570 шаршы метр аумақ анықталды. Балалармен 17 маман айналысатын болады. Олар бір лекте 50 баланы қамти алады. Орталыққа жыл сайын 43 млн теңге қарастырылған. Оның ашылуымен біз кезек мәселесін түбегейлі шешеміз», – деді Динара Анафина.
Кеңес барысында мүгедек адамдарға арналған нысандарды бейімдеу, оларды жұмысқа орналастыру және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері де талқыланды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Берескаяның айтуынша, 2027 жылға дейін ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін 773 білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мемлекеттік органдар және басқа да объектілерді бейімдеу жоспарланып отыр. Осы жылдың басынан бастап 201 мүгедек жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, 50 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп, өз істерін ашты.
Айта кетейік, осы жазда халықтың әлеуметтік осал топтарынан 16 644 бала сауықтыру мен демалыстың барлық түрлерімен қамтылған. Олардың қатарында жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан және өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен мүгедек жандар бар.