СҚО-да 4,2 млрд теңгеге ағаш өңдеу кешенін салу жоспарланып отыр

Солтүстік Қазақстан облысында жиһаз өнеркәсібіне қажетті өнімдер шығаруға, өндіріс қалдықтарын қайта өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін заманауи ағаш өңдеу кешенін құру жобасы қарастырылып жатыр. Инвестициялық бастаманың перспективаларын облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев пен «Nord Panels» ЖШС директоры Огузхан Челик талқылады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы болып табылатын кәсіпорын жобаға 4,2 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Аумағы 12 мың шаршы метр болатын өндірістік алаңда жиһаз қалқандары мен есік бөренелерін шығару көзделген. Сонымен қатар өндіріс қалдықтарын биологиялық отынға айналдыру жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Болашақ кешен жұмысының негізгі бағыттарының бірі – орман ресурстарын ұтымды пайдалану. Осы мақсатта орманды қалпына келтірудің ұзақ мерзімді бағдарламасын іске асыру жоспарланған. Оның аясында кәсіпорынның өз жылыжайында көшеттер өсіру көзделіп отыр. Сондай-ақ ормандарды сақтау және көбейту шаралары қолға алынып, орман ресурстарын жауапкершілікпен басқарудың халықаралық стандарттары енгізіледі. Кейін FSC халықаралық сертификатын алу жоспарланған.
Кездесуде бастаманы ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Университеттермен және ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық орнату көзделіп отыр. Бірлескен жұмыс орман ресурстарын зерттеу мен сақтауды, орманды қалпына келтіру технологияларын жетілдіруді, ғылыми зерттеулер жүргізуді және салаға қажетті мамандар даярлауды қамтуы мүмкін.
«Біз үшін өндірісті дамыту табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қараумен қатар жүруі маңызды. Сондықтан экологиялық талаптар мен ормандарды қалпына келтіру мәселелерін жобаны әзірлеу кезеңінен бастап ескеру қажет», – деді Қанат Дүзелбаев.
Өз кезегінде «Nord Panels» ЖШС директоры Огузхан Челик ағаш өңдеу саласын кешенді дамыту маңызды екенін атап өтті.
«Заманауи өндіріс ағашты барлық кезеңде ұтымды пайдалануды талап ететін ресурс ретінде қарастыруы керек. Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу және орманды қалпына келтіру жұмыстарын дамыту – осы тәсілдің маңызды құрамдас бөліктері», – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық бастаманы бірлесіп пысықтау жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты. Алдағы уақытта жобаны жүзеге асырудың өндірістік міндеттерге, экологиялық талаптарға және ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктеріне қатысты мәселелері қарастырылады.
