СҚО-ға екі күндік сапармен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары келді
Мәжіліс пен Сенат депутаттары кезекті қауырт саяси маусымнан кейін демалысқа шығып, өңірлердегі халықпен кездесуде. Мысалы, бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ольга Перепечина, Ләззат Қалтаева және Әсем Рахметова келді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Күннің бірінші жартысында парламентшілер облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина саяси маусымда Парламент палаталарының бірлескен 5 отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өткенін айтты. Сессия барысында қос палатада 179 заң жобасы қаралып, оның 102-сі қабылданды. Тасқын жайлы да айтылды. Су тасқынының зардаптарын жою мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде ерекше бақылауда.
«Жыл басы өте қиын болды. Солтүстік Қазақстан облысы топан су келген, қазір зардаптары белсенді түрде жойылып жатқан, халық баспанаға қол жеткізіп, мемлекеттен екі рет қажетті көмек алған өңірге айналды. Біз – қоғамның саяси белсенді бөлігіміз, адамдармен сөйлесіп, олардың сұрақтарына жауап береміз, түсініспеушілік болса көмектесеміз. Бұл – біздің міндет. Жұмыс көп, қыс түскенге дейін инфрақұрылымды, соның ішінде электр желілерін қалпына келтіріп, облыс ауылдарына электр қуатын үзіліссіз жеткізу керек», – деді ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина.
Жиында барысында Ольга Перепечина зардап шеккен азаматтардан «Бірлік» ықшам ауданында салынып жатқан үйлердің сапасына және тұрғын үйге қатысты мәселелер бойынша тұрақты түрде өтініштер түсетінін айтты.
«Үйлер тез салынды, мен адамдардың өтінішін түсінемін. Оларға әр үй тексерілмей, қабылданбай жалға берілмейді деген маңызды ойды жеткіземін. Сонымен қатар, мердігерлер иелерімен байланыста болады, ал үйлерге кепілдік беріледі, сондықтан қорқыныш болмауы керек. Мемлекет өз азаматтарына көмектесуге мүдделі, біз бұл туралы адамдармен сөйлесуіміз керек, ешкім көмексіз қалмайды», – деді Ольга Перепечина.