М.Жұмабаев ауданының орталығында және аудандағы бес ауылда жолдар жөнделіп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. QZ Media ұжымы аймақтағы маңызды шаруаны ұдайы бақылауда ұстайды. Бүгінде М.Жұмабаев ауданындағы Возвышенка, Полтавка, Бәйтерек, Надежка, Жастар ауылдары мен Булаево қаласында көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, бұл жобаларға 946 млн теңгеден астам қаражат бағытталған.
М.Жұмабаев ауданында Сулышоқ ауылына кірмежол жөнделді. 1,9 км жол төсемін “Коммунстройсервис” ЖШС мамандары ауыстырды. Аталған компания қазір Лебяжье ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеумен және Советское-Ұзынкөл-Возвышенка ауылдары арасындағы жол учаскесін жөндеумен айналысуда. Сонымен қатар, Ноғайбай ауылына кірмежол жөнделуде. Мердігер – “Дорожник Ашық Аспан” ЖШС.
Жалпы, М.Жұмабаев ауданы бойынша жолдарды жөндеуге байланысты әзірленген 12 жобаны іске асыруға 2,6 млрд теңге бөлінді.