Уәлиханов ауданында ауылдарға кірме жолдар жөнделуде
Биыл Уәлиханов ауданында жол жөндеуге байланысты 9 жобаны іске асыруға 1,6 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Ұзындығы 35,2 км құрайтын Өндіріс-Жұмысшы бағытындағы автожолды жөндеуге “Сотис Групп” ЖШС жауапты. Ал ұзындығы 23 км құрайтын Көктерек-Тоспа-Жасқайрат-Қайрат автожолын “Оңтүстік Гимарат” ЖШС ретке келтіреді.
Бұдан басқа, биылғы жылы Қондыбай ауылына кірме жолды, сондай-ақ Құлыкөл-Береке автожолына жөндеу жүргізу қажет. “Маңғыстаужолсервис” ЖШС байқауда жеңіске жетті. Мердігер ұзындығы 12,8 км жол төсемін асфальттайды.
Уәлиханов ауданында Бидайық, Телжан, Ақтүйесай, Ақбұлақ ауылдарының көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, тиісті жұмыстарға 550 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады.