Орақ науқанына дайындық: СҚО-да егіс алқаптарын әртараптандыру және ЖЖМ қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында орақ науқанына және мал азығын дайындауға дайындық барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өңір алдағы жұмыстарға толықтай дайын, деп хабарлайды QZ NEWS.
Жалпы ораққа түсетін алқап көлемі – 4,3 млн гектар. Дәнді дақылдардың 90%-ының жағдайы «жақсы» деп бағалануда. Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы – 100%. Орақ науқанына 7 мың комбайн қатысады, оның ішінде 4 мыңы – жоғары өнімді. Кампанияны жүргізу үшін 58,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста күнбағыс, зығыр, рапс және жасымық сияқты жоғары рентабельді дақылдардың көлемі айтарлықтай ұлғайтылды. Бұл экспорттық әлеуетті арттырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысын көбейтуі тиіс. Сонымен қатар, топырақ құнарлылығын арттырып, өнім сапасын жақсарту мақсатында биыл 329 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Бұл гектарына орташа есеппен 76 келіден келеді», – деп мәлімдеді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.
Өңірдегі жалпы сыйымдылығы 6,9 млн тоннаны құрайтын 45 элеватор да жаңа өнімді қабылдауға толық дайын. Ал мал азығына келсек, қазіргі таңда 1 млн тонна шөп және 302 мың тонна сенаж дайындалған.
Отырыс қорытындысында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов орақты агротехникалық мерзімде аяқтауды, сондай-ақ элеваторлардың жұмысын және жанар-жағармай жеткізілімін бақылауды тапсырды.
