Петропавловск
+21°C
Главная страница » Таза Қазақстан » СҚО-да «World Clean Up Day» аясында 12 мыңнан астам тұрғын ауқымды сенбілікке шықты

СҚО-да «World Clean Up Day» аясында 12 мыңнан астам тұрғын ауқымды сенбілікке шықты

September 19, 2026 14:29

Солтүстік Қазақстан облысында сенбілік өткізіп, ағаш отырғызуға 12 мыңнан астам адам қатысты. Акция Дүниежүзілік тазалық күні – «World Clean Up Day» аясында ұйымдастырылып, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының жалғасы болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Петропавлдағы Пёстрое көлінің маңындағы экопарк негізгі алаңдардың біріне айналды. Мұнда қоғам белсенділері, ардагерлер, жастар, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер мен қала тұрғындары жиналды.

Экологиялық акцияға СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы Дүниежүзілік тазалық күнінде ағаш отырғызуды ұйымдастыруды бастама етті. Бүкіл республика, барлық облыс Мемлекет басшысының бастамасын қолдады», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, өңірде абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары ірі экологиялық акциялар кезінде ғана жүргізілмейді. 28 наурыздан бері облыста тұрақты түрде сенбіліктер мен «Таза бейсенбі» акциялары өткізіліп келеді.

«“Таза Қазақстан” – бір күндік акция емес. Ол әр отбасыға, әр үйге қатысты. Бұл – Отанымызға, туған жерімізге, өз үйімізге деген сүйіспеншілік», – деп атап өтті өңір басшысы.

Ол сондай-ақ облыста атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Осы кезеңде 143 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 113 мың көшет және 5 мыңға жуық бұта отырғызылған. Имантау-Шалқар курорттық аймағында шамамен 200 тонна қалдық жойылып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Петропавлдағы қоғамдық кеңістіктерді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Экопаркте реконструкция жұмыстары жалғасып жатыр. Мұнда триатлон-парк салу, демалыс орындары мен жағажай аумағын жаңарту, суару жүйесін орнату, велосипед және жүгіру жолдарын абаттандыру жоспарланған.

«Мұнда триатлон-парк салуды ұсынып отырмыз. Жалпы жобаның құны шамамен 5–6 млрд теңге. Көше жиһаздарының барлығы дерлік жаңартылды, жағажай аумағы абаттандырылып, ағаштар отырғызылды, суару жүйесі ұйымдастырылды. Велосипед және жүгіру жолдары орманды алқап арқылы өтеді», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Ағаш отырғызу жұмыстарына ардагерлер де қатысты. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваевтың айтуынша, экологиялық сенбіліктер петропавлдықтар үшін игі дәстүрге айналған.

«“Таза Қазақстан” қазір біздің жүрегімізде, қанымызда. Біздің 20-дан астам ардагеріміз осында, экопаркте ағаш отырғызуға қатысты. Қаламыздың таза болғанын, еліміздің көркейгенін қалаймыз. Қаламыз жасыл қалаға айналады», – деді ол.

Экологиялық акцияға жастар да белсенді қатысты. СҚО Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Анастасия Волкова мұндай іс-шаралар солтүстікқазақстандық жастардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Экология әрқайсымыздан басталады. Бұл – таза болашақ, таза ел. Осындай бастамалар мен акциялар жастардың экологиялық әдеттерін қалыптастырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелейді», – деді Анастасия Волкова.

Қала тұрғындары акцияға қатысу үшін қала мен облыстағы ағаш отырғызылатын орындарға отбасыларымен бірге келді.

Жалпы, бұл күні Петропавлда 1227 жапырақты және қылқан жапырақты көшет отырғызылды. Өңір бойынша 17 225 ағаш егілді. СҚО-дағы көгалдандыру жұмыстарына шамамен 12,5 мың адам қатысты.

Shares