Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » «Балаларды жақсы көру керек»: СҚО-ның белгілі педагогі, құрметті азаматы Қымбат Исманова 85 жасқа толды

«Балаларды жақсы көру керек»: СҚО-ның белгілі педагогі, құрметті азаматы Қымбат Исманова 85 жасқа толды

September 21, 2026 11:23

Солтүстік Қазақстанда еңбек ардагері, ағарту ісінің үздігі, Петропавл қаласының құрметті азаматы, облыстың құрметті ардагері Қымбат Есімханқызы Исманова 85 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Педагогика ол үшін жай ғана мамандық емес, өмірінің мәніне айналды. Қымбат Қажы Есімханқызы Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында дүниеге келген. Бастауыш мектепті туған ауылында тәмамдап, бесінші сыныптан бастап Петропавлдағы сол кездегі жалғыз №5 Калинин атындағы мектеп-интернатта білім алды. Онжылдық мектепті аяқтаған соң Алматыдағы педагогикалық жоғары оқу орнына түсіп, оны 1965 жылы үздік дипломмен бітірді.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Қымбат Есімханқызы Алматыда қалмады. Оған сол жерде қызметін жалғастыру ұсынылғанымен, туған өлкесіне оралып, өмірін білім саласымен байланыстырды.

Еңбек жолында облыстағы Мамлют, Кладбинка, Троицк және басқа да мектептерде ұстаздық етті. Жолдасының жұмысына байланысты отбасы бірнеше рет қоныс аударуға мәжбүр болды. Бірнеше жыл бір жерде тұрса, кейін жаңа қызметке байланысты басқа елді мекенге көшетін. Алайда Қымбат Есімханқызы қай жерде жүрсе де, балалармен жұмысын жалғастырды.

Оның педагогикалық қызметіндегі маңызды кезеңдердің бірі Жамбыл ауданымен байланысты. Мұнда ол 13 жылға жуық әдістемелік жұмыстармен айналысты. Ал Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжде тағы 14 жыл еңбек етті. Зейнетке тек 2005 жылы шықты.

Неліктен дәл мұғалімдік мамандықты таңдады? Мерейтой иесінің айтуынша, бұл ой оның бала кезінен қалыптасқан.

«Біздің ауылда үлкен кісілер көп болды. Олар үнемі: «Біздің қызымыз мұғалім болады», – деп айтатын. Мүмкін, бұл да әсер еткен шығар», – деп еске алады ол.

Қымбат Исманова оқыған мектепте жоғары сынып оқушылары кішілерге қамқорлық жасап, көмектесетін. Оның балаларға деген ерекше ықыласы сол кезден қалыптасқан болуы мүмкін.

«Балаларды жақсы көру керек. Сонда олар да кейін сені жақсы көреді», – дейді ұстаз.

Қымбат Есімханқызы Исманова 45 жылдан астам уақытқа созылған педагогикалық қызметінде қазақ тілі мен әдебиеті және этнопедагогика салаларына ерекше көңіл бөлді.

Көп жылғы еңбегі үшін Қымбат Қажы Есімханқызы «Ағарту ісінің үздігі» атағымен марапатталған. Сонымен қатар ол Петропавл қаласының Құрметті азаматы және Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті ардагері атанды.

Бүгінде ол белсенді қоғамдық жұмыстардан шеттегенімен, өмірге деген қызығушылығын жоғалтқан жоқ. Оның басты тірегі – отбасы. Екі баласы мен бес немересі бар.

Ғұмырының қырық жылдан астам уақытын ұстаздыққа арнаған жан үшін өмір жолының ең үлкен бағасы марапаттар мен атақтар емес, шәкірттерінің жүрегінде қалған ізі болса керек.

Shares