Қызылжар ауданының шаруалары Петропавлдағы «Дала дәмі» жәрмеңкесінде 3 тоннаға жуық өнім сатты

Қызылжар ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «Дала дәмі» жаңа форматтағы жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынды. Сауда орындары Петропавлдағы Коммуналдық базар аумағында орналасты. Мұнда ауданның алты ауылдық округінің шаруалары өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің бас маманы Кенжегүл Жұмабаеваның айтуынша, қала тұрғындары жәрмеңке ресми түрде басталмай тұрып-ақ жаңа өнімдер алу үшін кезекке тұрған. Сауда орындарында Новониколь, Рассвет, Асан, Светлополь, Рощин және Куйбышев ауылдық округтерінің өнімдері қойылды.
«Жәрмеңкеге бұрыннан бері келіп жүрмін. Әсіресе сүт өнімдері әрдайым сұранысқа ие. Көбіне әжелер мен аталар келіп, сатып алады. Үйдің сүті, сүзбесі, қаймағы жақсы өтеді. Көкөністерді де жиі алады», – деді Кенжегүл Жұмабаева.
Жәрмеңке барысында қолжетімді бағамен 3 тоннаға жуық түрлі өнім сатылды. Атап айтқанда, 200 келі сиыр еті жеткізіліп, оның келісі 3200 теңгеден сатылды. Сондай-ақ қойдың үш ұшасы келісі 3000 теңгеден ұсынылды. Құс етін ұнататындар үйрек пен бройлер тауықтарын сатып ала алды. Сүт және көкөніс өнімдерінің түр-түрі де сатып алушылардың көңілінен шықты.
«Шамамен 200–250 литр сүт, 20 келіге жуық үйдің сары майы сатылды. Оның бағасы 5500 теңге болды, ал нарықтағы бағасы 6000–7000 теңге шамасында. Сонымен қатар 20 келі сүзбе және 5 литр қаймақ өткізілді. Жәрмеңкеге 250 келі картоп жеткізіліп, ол төмендетілген бағамен – келісі 100 теңгеден сатылды. Бұдан бөлек, сәбіз, қызылша, асқабақ, кәді және қызанақ секілді көкөністер де ұсынылды», – деді Кенжегүл Жұмабаева.
Мұндай жәрмеңкелер қала тұрғындарына сапалы фермерлік өнімдерді тікелей өндірушілерден сатып алуға, ал ауыл шаруаларына өз өнімдері мен өсірген өнімін тиімді өткізуге мүмкіндік беретін игі дәстүрге айналып келеді.
