Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО диқандары орақ науқанын аяқтау кезеңінде

СҚО диқандары орақ науқанын аяқтау кезеңінде

October 9, 2025 16:13

Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері орақ науқанының соңғы кезеңіне жетті. Бүгінгі таңда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 88,4% аумақтан жиналды. Бұл туралы СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Даурен Токужинов баяндады, деп жазады QZ NEWS.

Қазіргі уақытта 5 184,8 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділік – гектарына 19,4 центнер. Майлы дақылдардың 53,4% жиналып, 577,0 мың тонна өнім алынды, өнімділік гектарына 11 центнерді құрап отыр. Картоп 59,1% аумақтан жиналып, 74,2 мың тонна өнім алынған.

«Орақ науқанына 7 мыңға жуық астық жинайтын комбайн тартылды, оның 4 мыңы – жоғары өнімді техникалар. Сондай-ақ 12,3 мың трактор, 9 мың тіркеме, 4,5 мың орақ машинасы және 5,6 мың жүк көлігі жұмылдырылған. Өнімділікті арттыру мақсатында 340 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынып, оның 335 мың тоннасы жерге енгізілді. 52,5 мың тонна элиталық тұқым себілді, сорт жаңарту деңгейі 11,2%-ды құрайды», – деді Даурен Токужинов.

Өңірде 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталып кетті: 1 653,7 мың гектар сүдігер жыртылып, 335,7 мың тонна тұқым дайындалған. Алдағы жұмыстар мен биылғы өнімді кептіруге 82,7 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.

«Сонымен қатар, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Кең дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарына арналған жеңілдетілген қаржыландыру бойынша өтінімдер қабылдауды бастады. Биыл бағдарлама былтырғыдан бір ай ерте іске қосылып отыр, бұл диқандарға жаңа егін маусымына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Бағдарлама шарттары бойынша сыйақының жеңілдетілген мөлшерлемесі – жылдық 5%, ал несие сомасының 85%-ына дейін «Даму» қорының кепілдігімен қамтамасыз етіледі. Ерте қаржыландыру ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жанар-жағармай, тыңайтқыштар мен тұқым сатып алуға, техниканы жөндеуге және маусымдық жұмыстарға қажетті ресурстық базаны тиімді бағада қалыптастыруға жағдай жасайды. Өтінімдер корпорацияның филиалдары мен қаржы серіктестері арқылы еліміздің барлық өңірлерінде қабылданады», – деп атап өтті спикер.

Shares