Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Тайынша ауданында дәнді дақылдар алқаптарының 72 пайызы жиналды

Тайынша ауданында дәнді дақылдар алқаптарының 72 пайызы жиналды

September 5, 2026 10:46

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Тайынша ауданына барды. Ол егін жинау науқанының барысымен және жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған QZ NEWS хабарлайды.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында «Тамыз АгроИнвест», «Vishnevskoye GCK», «GCK Taynsha Astyk», «Дашка-Николаевка СК» және «Элеватор Тайынша» ЖШС-ларына барды. Шаруашылықтарда егін жинау жұмыстарының қарқыны, техникалық жарақтандырылуы, сондай-ақ жаңа өнімді қабылдау және сақтау жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысты.

«Тайынша ауданы дәстүрлі түрде облыстың жетекші аграрлық аудандарының бірі саналады және өңірдің жалпы өніміне қомақты үлес қосып келеді. Бүгінде мұнда дәнді дақылдар 72 пайыз алқаптан жиналды. Егін жинау науқанына 1 957 трактор мен 756 комбайн жұмылдырылған. Оның 526-сы – өнімділігі жоғары техника», – делінген хабарламада.

Жаңа өнімді қабылдау және сақтау жұмыстарын жалпы сыйымдылығы 409,8 мың тоннаны құрайтын алты астық қабылдау кәсіпорны қамтамасыз етеді. Бүгінде олар жаңа өнімнің 90 мың тоннадан астам астығын қабылдаған.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында аудан шаруалары ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып, егіс алқаптарын әртараптандырып, минералды тыңайтқыштар мен өнімділігі жоғары тұқымдарды пайдалануды арттырып келеді. Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне шамамен 27 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

«Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы да дамып келеді. «Ясная Поляна» ЖШС жасымық өңдейтін зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Жобаның өз қаражаты есебінен салынатын инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын өнімдерін Түркияға экспорттау жоспарланып отыр», – деп атап өтті әкімнің баспасөз қызметі.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында егін жинау науқаны белсенді қарқынмен жалғасып жатыр. Бүгінде егіс алқаптарының 52 пайыздан астамы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 15,3 центнерді құрайды.

Shares