СҚО-ның Мағжан Жұмабаев ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астана жәрмеңкесіне 80 тоннаға жуық өнім жеткізді

Астанада Солтүстік Қазақстан облысы мен Петропавл қаласының аграрийлері қатысқан республикалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Ауқымды сауда шарасында Мағжан Жұмабаев ауданының тауар өндірушілері де өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері елордаға 20 түрлі атаудағы 80 тоннаға жуық сапалы өнім жеткізді. Астана тұрғындары мен қала қонақтарына қолжетімді бағамен сатылатын балғын азық-түліктің кең ассортименті ұсынылды.

Ет өнімдерінің қатарында 4 тонна сиыр еті, 3 тонна жылқы еті, 1 тоннадан астам қой еті және 1 тонна құс еті бар. Сүт өнімдерін Бұлаев май зауыты, «Пальчик» жеке кәсіпкерлігі, сондай-ақ ешкі сүтінен өнім өндіретін «Тамаша 2050» ЖШС ұсынды.
Бұдан бөлек, аудан аграрийлері жәрмеңкеге 15 тонна ұн, 25 тонна картоп, 10 тоннадан сәбіз бен қырыққабат, жарты тонна жарма, 1 тонна бал және 100 келі үй майын жеткізді.
Мұндай жәрмеңкелер солтүстікқазақстандық өндірушілердің өнімдерін республикалық нарықта ілгерілетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар елорда тұрғындарын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан тікелей жеткізілген табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
