Мәселелерді жеке бақылауына алды: Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО тұрғындарының өтініштерін тыңдады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды жеке қабылдады. Өңір басшысына жүгінген тұрғындар су тасқынынан кейін баспана алу және Петропавлдағы әскери-патриоттық клубтың жұмысын дамыту мәселелерін көтерді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Қабылдауға алғашқылардың бірі болып облыс орталығының тұрғыны Виктория Кельм келді. Ол 2024 жылғы су тасқынына дейін Былғары зауыты кентінде тұрған. Су басқаннан кейін арнайы комиссия үйді тексеріп, апатты деп таныған. Қатты жел мен толқын іргетасты шайып, оның жылжуына себеп болған. Сонымен қатар судан ғимараттың кірпіш қабырғасы да зақымданған.
Үйі айтарлықтай бүлінгеніне қарамастан, әйел әлі күнге дейін жоғалтқан баспанасы үшін өтемақы алмаған. Қазір ол пәтер жалдап тұруға мәжбүр.
«Біздің көшемізге жауапты пунктке жүгінген кезде, судың үйдің ішіне кірмегенін, сондықтан тиісті зардап шеккендер санатына жатпайтынымызды түсіндірді. Осылайша, мәселе шешілмей қалды. 2025 жылы су қайта келді, бірақ көлемі аздау болды. Ол кезде іргетас шайылып кеткен еді, ал қалған бекітпелері опырылып түсті. Бұған қоса, көтергіш қабырғада тағы бір жарықшақ пайда болды», – деді Виктория Кельм.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің түсіндіруінше, бұрын қолданыста болған нормаларға сәйкес, су тұрғын үйдің ішіне кірмегендіктен, бұл жағдай өтемақы төленетін үйлер тізіміне енгізілмеген. Алайда қазір мәселені басқа жолмен шешуге мүмкіндік бар.
«Құрылыс кодексіне өзгерістер енгізілді. Қазір апатты үйдің орнына әйелге қаланың тұрғын үй қорынан пәтер беруге мүмкіндік жасайтын құқықтық тетіктер бар. Бұл ретте бұрынғы баспанасының ауданы ескеріледі», – деп хабарлады Серік Мұхамедиев.
Тағы бір өтініш Д. Қарбышева атындағы №40 орта мектеп базасында жұмыс істейтін «Жас батыр» әскери-патриоттық клубын дамытуға қатысты болды. Клубты 2024 жылы Ауған соғысының ардагері Қажымұрат Алжанов қаруластарымен бірге құрған.
Клубқа облыстың әртүрлі аудандарынан балалар келеді. Мұнда оқу-жаттығу жиындары мен әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жасөспірімдерге автоматты бөлшектеу және қайта жинау үйретіліп, әскери дайындықтың негіздері түсіндіріледі. Сондай-ақ оларға тәжірибелік кеңестер беріледі.
«Біз балаларға әскери істі үйретіп қана қоймай, оларды тәртіпке, жауапкершілікке және командалық рухқа тәрбиелеуге тырысамыз. Ол үшін тиісті жағдай қажет. Ескі футбол алаңы әбден тозған. Сондықтан жаңасын салып беруді сұраймыз», – деді ардагер.
Өңір басшысы бұл мәселенің барынан хабардар. Жаңа футбол алаңын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Жақын арада құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Азаматтарды жеке қабылдау қорытындысы бойынша Ғауез Нұрмұхамбетов тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Көтерілген мәселелер бақылауға алынды. Оларды шешу өңір тұрғындары үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.
