Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Түркістаннан Петропавлға: мұғалім болуды армандаған Анар Аманбаева

Түркістаннан Петропавлға: мұғалім болуды армандаған Анар Аманбаева

September 22, 2025 14:49

Жаңа оқу жылы – тек оқушылар мен студенттер үшін ғана емес, ең алдымен ұстаздар үшін маңызды кезең. Жыл сайын облыс орталығының білім ордалары жас мамандармен толығып отырады. Солардың бірі – №6 Қожаберген Жырау атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Анар Аманбаева. Ол туған жерінен жүздеген шақырым қашықты артқа тастап, жаңа қалада арманын арқалап еңбек етуді бастайды,деп хабарлайды QZ NEWS.

Анар Түркістанда дүниеге келіп, сонда өсті. Бала кезінен ұстаздарына сүйсініп, өзі де балаларға білім беруді армандады. Бұл арман оны Солтүстік Қазақстанға жетелеп әкелді. Мұнда ол Kozybaev University-де жоғары педагогикалық білім алып, 21 жасында мектепке жұмысқа орналасып, әлі күнге дейін сол жерде еңбек етіп келеді.

«Мені шабыттандыратыны – оқушыларымның жетістіктері мен жаңа білімге қуанышы. Мұны көрген сайын өз ісіме деген сүйіспеншілігім арта түседі», – дейді Анар Аманбаева.

Жас ұстаздың пікірінше, технология дамыған заманда білім беру саласы бұрынғыдан да қызықты бола түсті. Сабақтарында ол интерактивті тақталарды, онлайн-ресурстарды және жобалық жұмыстарды пайдаланады. Оқушылардың назарын аудару үшін викториналар, топтық тапсырмалар мен ашық пікірталастар өткізеді.

«Бұрын тек оқулық пен тақтамен шектелетінбіз, ал қазір, технология дәуірінде, түрлі әдістерді қолдануға мүмкіндік бар», – дейді ол.

Анардың айтуынша, жұмыстағы ең бастысы – ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім. Ол күрделі математикалық ережелерді өмірден алынған қарапайым мысалдармен түсіндіруге тырысады және әрдайым оқушылардың пікірін тыңдайды.

Анар Аманбаеваның тарихы жаңа буын мұғалімдерінің бейнесін айқын көрсетеді: олар – тек жоғары білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар тәртіпті мейірімділікпен ұштастыра білетін, оқуға қолайлы орта қалыптастыратын ұстаздар.

Shares