Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: Айтмуқан Үмбетов. Майданнан – ішкі істер қызметіне дейін

Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: Айтмуқан Үмбетов. Майданнан – ішкі істер қызметіне дейін

May 10, 2025 17:15

Бүгін біз сіздерге Солтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық тәртіпті қалыптастыруға елеулі үлес қосқан, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында елін қорғаған ардагер – Айтмуқан Үмбетовтің өмір жолы туралы әңгімелейміз. Өзінің қаһарман атасы жайлы естелікті немересі – құқық қорғау органдарының қызметкері Руслан Үмбетов бөлісті.

«Айтмұқан Үмбетұлы 1924 жылдың 28 наурызында Солтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Бейнетқор (бұрынғы Молотовский) ауылында дүниеге келген. Қатал соғыс жылдарында, 1942 жылдың тамызынан 1949 жылдың сәуіріне дейін ол Отан қорғауға аттанып, ІІМ-нің 48-ші шекара полкінде атқыш болып қызмет етті. Қанды қырғын аяқталғаннан кейін де ел алдындағы борышын жоғары қойып, ІІМ-нің 85-ші атқыштар полкінде писарь ретінде әскери қызметін жалғастырды.

Демобилизациядан кейін Айтмұқан Үмбетұлы өмірін заңға қызмет етуге арнады. 1949 жылдан 1973 жылға дейін ол Ішкі істер министрлігінің құрылымдарында адал және жауапкершілікпен еңбек етті. Еңбек жолын Смирново ауылындағы Совет ауданының аудандық ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл қызметінен бастаған ол өзінің кәсіби қабілеттерімен танылды. Білімге деген құштарлығы мен табандылығының арқасында ол Алматы қаласындағы милицияның орта мектебін, кейін РСФСР Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық тәртіпті қорғау жоғары мектебін тәмамдап, заңгер мамандығын иеленді.

Білімі мен тәжірибесі Айтмұқан Үмбетұлының қызмет бабында жоғарылауына мүмкіндік берді. Ол тергеуші, кейіннен Полудин және Мамлют аудандарының ішкі істер бөлімдерінің бастығы қызметтерін атқарды. 1965 жылы кәсіби шеберлігі ескеріліп, жаңадан құрылған Соколов ауданының ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Бұл лауазымды ол 1973 жылға дейін атқарып, өңірдегі қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге зор үлес қосты.

Айтмұқан Үмбетұлының Ұлы Отан соғысындағы ерліктері ұшін көптеген марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Жапонияны жеңгені үшін медаль, Жеңістің 20, 30, 40, 50 және 70 жылдығына арналған медальдар, сондай-ақ КСРО ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін марапаттар бар. Бұл марапаттар – оның батырлығының, қайсарлығы мен адалдығының айғағы.

Айтмұқан Үмбетов – соғыс ардагері әрі құқық қорғау саласының абыройлы офицері ретінде Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының жүрегінде мәңгі сақталады. Ол – Отанға және халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Shares