Жауынгерлер ерлігі –ұрпақ жадында: Мүсәлім Шоқаев- Жеңіске жету жолында шегінуді білмеген жауынгер

Ұрпақтан ұрпаққа жеткен ерлік тарихы – Асель Қошқарбаева QZ News редакциясына өз атасы, майдангер Мүсәлім Шоқаевтың жауынгерлік жолы туралы айтып берді. Жараланса да, ерік-жігері сынбаған ол Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші шайқастарына қатысып, жеңіске деген табандылығы мен борышына адалдығымен үлгі бола білді!
«Менің атам Мүсәлім Шоқаев 1907 жылы Қостанай облысы, Урицкий ауданы, Қызылту ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған кезде, ол еш ойланбастан Отанын қорғауға аттанды – 1941 жылы Урицкий аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынып, майданға жіберілді. Ол 2-ші Украин майданының құрамындағы 108-ші гвардиялық атқыштар полкінде соғысты.
1942 жылы атам сол қолынан жараланған, алайда бұл оның рухын сындыра алмады. Ол соғысты жалғастырып, Брест, Киев, Польша, Чехословакияны азат ету және Берлинді шабуылдау сияқты шешуші ұрыстарға қатысты. Ерлігі мен табандылығы үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, маршал Жуков медалімен және мерейтойлық марапаттармен наградталған.
Жеңістен кейін атам үйіне оралып, Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданы, Ленинское ауылында өмір сүрді. Ол ұзақ, абыройлы ғұмыр кешіп, 1999 жылы өмірден озды.
Біздің отбасымыз үшін ол – жай ғана соғыс қаһарманы емес, нағыз рухани тұлға, Отанға деген махаббат пен ерліктің символы. Біз оның естелігін қастерлеп сақтаймыз, балалар мен немерелерге жеткізудеміз. Атамыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды».
