Энергетиктер үйінен креативті хабқа дейін: Петропавлдағы нысанның өзгеру тарихы

Петропавлдың аға буын тұрғындары бұл ғимаратты «Энергетиктер мәдениет сарайы» ретінде біледі. Орта буын үшін – С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, ал бүгінгі жас буын – оны Qyzyljar creative center деп таниды. Редакциямыз Жамбыл көшесі 195 мекенжайында орналасқан, жарты ғасырдан астам уақыт бойы Петропавлдың мәдени орталығы болып келе жатқан ғимараттың тарихын баяндайды.
Бұл сәулет туындысы 1956 жылы мәдениет сарайы ретінде бой көтерді. Ол 1956–1961 жылдары салынып жатқан ЖЭО-2 құрылысына қатысқан мамандар мен жұмысшылардың, болашақ станция қызметкерлерінің және олардың отбасының мәдени демалысын ұйымдастыру мақсатында салынған.

Әсем колоннадасы, бай безендірілген фронтоны, жартылай шеңберлі баспалдақтары мен балкондары – кеңестік монументализм мен классицизмнің айқын көрінісі. Архив құжаттарында Энергетиктер үйінің бірінші қабатында 350 орындық үлкен киноконцерт залы мен әкімшілік бөлмелер, ал екінші қабатында басқару кабинеттері орналасқаны жазылған.

«Энергетиктер» Мәдениет сарайы театр қойылымдары, концерттер, көрмелерден бастап достық кездесулер мен партия жиналыстарына дейін түрлі іс-шаралар өтетін орынға айналды. Ол кезде Петропавл – елдің қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік қалаларының бірі еді, ал Мәдениет сарайының салынуы өңірдің мәдени дамуының маңызын айқындады.
Одақтың күйреуі мен Қазақстанның тәуелсіздік алуы – үлкен өзгерістер кезеңі болды. 90-жылдардағы экономикалық қиындықтар мәдени мекемелердің қаржылануын қысқартты. «Энергетиктер» сарайы да қиындықтарға тап болды: тұрақсыздық пен мәдени шараларға сұраныстың төмендеуі оның бұрынғы даңқын әлсіретті. Дегенмен, ғимарат қаладағы маңызды мәдени нысан мәртебесін сақтап қалып, жаңа жағдайға бейімделе алды.

1996 жылы «Қазақстан Республикасының 1996–2000 жылдарға арналған мәдениетті дамыту стратегиясы» мен Мәдениетті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Солтүстік Қазақстанның бұл құжаттарды жүзеге асыруға қосқан үлесі – 2000 жылғы 15 маусымда С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ашылуы болды. Театрдың салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Алғашқы қойылым – Мұқановтың шығармасы бойынша «Жарқ еткен метеор» пьесасы болды. Театр ашылған күннен бастап 70-тен астам спектакль қойды. Осы кезеңде ғимарат аймақ халқының дәстүрімен және жаңа мемлекеттік мерекелермен байланысты мәдени шаралардың орталығына айналды. 2022 жылғы 18 қарашада С. Мұқанов атындағы қазақ сазлы-драма театрының жаңа ғимараты «Жас Өркен» шағын ауданында ашылды.

Бұрынғы қазақ театры орналасқан бұл ғимарат қазір Qyzyljar creative center деп аталады. Ол 2024 жылғы 24 қазанда ашылды. Ашылу рәсіміне өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, шақырылған қонақтар, аудан әкімдері, қоғам қайраткерлері мен өңірдің креативті сала өкілдері қатысты.
Орталық «Samruk-Kazyna Trust» қорының, «Самрук-Қазына» компаниялар тобы мен жергілікті биліктің қолдауымен құрылды. Бүгінде бұл – нағыз инновациялық әрі шығармашылық зертхана. Оның тұжырымдамасы – тарихи мұра мен заманауи технологиялардың синергиясы. Басты мақсат – дарынды адамдар мен ұжымдарды біріктіру, шығармашылық идеяларды табыс көзіне айналдыру, креативті индустрияны өңірде де, елде де дамыту.

Орталықтың негізгі бағыттары – цифрлық және ақпараттық технологиялар, медиа мен диджитал, контент өндірісі мен fashion индустриясы, хореография және білім беру. Мұнда кәсіпкерлер, ЖОО мен колледж студенттері, мектептің жоғары сынып оқушылары, оқытушылар және кәсіби дамуға қызығушылық танытқан барлық тұрғындар келіп тұрады.
Креативті индустрия орталығында бірнеше аймақ ашылды: IT бағыты бойынша «Digital Nomads», 3D-жобаларға арналған «Ою Lab», тігін ісі үшін «Сандық», хореография сабақтарына арналған «Қайнар», коворкингке арналған «Орта», цифрлық кітапханасы бар «Қазына», жаңа идеяларды тудыратын «Арт ғалам». Сондай-ақ мұнда салтанатты шаралар, форумдар, шығармашылық ұжымдардың концерттері өтетін концерт залы бар.

Qyzyljar creative center аумағындағы сквер де абаттандырылды: көше шамдары орнатылды, 1500 м² тақтайша төселді, жаяу жүргіншілер жолдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері және ротонда қойылды. Жаз мезгілінде скверде түрлі тақырыптық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
Ғимараттың ерекше келбеті тек қала тұрғындарын ғана емес, қонақтарды да қызықтырады. Киноиндустрия өкілдері де назар аударуда: мұнда «Ұзақ жаңғырық» атты толықметражды фильмнің эпизодтары түсірілген. Себебі оның қасбетінің сыртқы келбеті 18–19 ғасырлардағы усадьбаларды еске салады.

Бүгінде ғимарат тарихи болмысын сақтай отырып, жаңа мазмұнмен және жаңа мәнмен толығуда.
