Петропавл кітапханасында ЮНЕСКО клубының Көркемсурет мектебі мұғалімдерінің картиналар көрмесі ашылды

С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Халықаралық мұғалімдер күніне арналған «Жүректен жүрекке. Сабақтан тыс диалог» атты картиналар көрмесінің ашылуы өтті. Онда Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайының ЮНЕСКО клубының Көркемсурет мектебі ұстаздары өз еңбектерін көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Оқушылар сарайы мұғалімдерінің көркем туындылар көрмесі кітапханада дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Олар өз шығармашылығын көрсетіп қана қоймай, өнер арқылы маңызды ойды жеткізеді: мұғалім – бұл шәкірттеріне сабақ түрінде шедевр сыйлайтын нағыз өнер иесі.

Ұстаздар шәкірттеріне тек бағыт-бағдар беріп қана қоймай, өздері де шығармашылық үдерістерге белсене араласады. Биылғы көрмеге олар 27 туындысын қойды.
Олардың ішінде пейзаждар, натюрморттар, киізден жасалған жұмыстар, сурет өнерінің түрлі түрлері – роспись, линогравюралар бар. Әр картинаны жүрек жылуымен жазған ұстаздар, ең алдымен, өздерінің таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігін жеткізді. Жылдар бойы еңбектеніп, олар өмір жолын енді ғана бастап келе жатқан жастарға нағыз тәлімгер бола білді.

«Көрме мереке қарсаңында ашылып отыр. Бұл – мұғалім мен оқушы арасындағы шынайы көпір. Әр педагог өз шығармашылығын түрліше жеткізеді. Біз ең алдымен жас өнерпаздардың – болашақ суретшілердің ұстаздарының шеберлігін көріп, олардың туындыларындағы сезімдерді сезіне алғанын қалаймыз», – деді облыстық кітапхананың оқу залдары бөлімінің жетекшісі Наталья Чуряк.
