Петропавлда «Kitap Time – 2025» кітап фестивалі өтті

Петропавлда облыс орталығының тұрғындары жалпыұлттық «Kitap Time – 2025» кітап фестиваліне қатысты. Іс-шара ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«Kitap Time» кітап фестивалі жыл сайын Қазақстанның барлық өңірінде өткізіледі. Оның бастамашысы – ҚР Ұлттық кітапханасы. Басты мақсат – елде кітап пен әдебиеттің мәртебесін арттыру.

Қазіргі таңда қоғамда кітап оқуды насихаттаудың жаңа тәсілдері пайда болуда. Мәселен, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде «Абайдан шабыт алғандар» атты поэзиялық алаң ұйымдастырды. Республикалық фестивальге шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, студенттер мен оқушылар қатысты. Олар тек қана шараға қатысып қана қоймай, ұлы Абайды еске алып, көрермен алдында шығармашылық қойылымдар көрсетті.

«Поэзиялық алаңда Абайдың өлеңдері қазақ, орыс, корей және армян тілдерінде оқылып, сондай-ақ «Әлқисса» фольклорлық ансамблінің орындауында музыкалық шығармалар мен халық әндері шырқалды», – деп атап өтті С. Мұқанов атындағы ОӘҒК.

Шығармашылық кеш соңында белсенді қатысушыларды С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасының алғыс хаттарымен марапаттады.
