Петропавловск
+21°C
Главная страница » Әлем жаңалықтары » Оңтүстік Кореяның экс-бірінші ханымы қымбат сыйлықтар алғаны үшін түрмеге қамалды

Оңтүстік Кореяның экс-бірінші ханымы қымбат сыйлықтар алғаны үшін түрмеге қамалды

January 28, 2026 18:55

Сәрсенбі күні сот Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хиге Іскерлік келіссөздер нәтижесінде Бірігу шіркеуінен алынған қымбат сыйлықтарды қабылдағаны үшін бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол кінәлі деп танылды, деп хабарлайды QZ NEWS Kazinform-ға сілтеме жасап.

Сот Ким Кон Хиді 2022 жылдың шілде айында Бірігу шіркеуінің өкілінен іскерлік артықшылықтар алу мақсатында ұсынылған Chanel сөмкесін және қымбат Graff алқасын қабылдағаны үшін кінәлі деп таныды.

Алайда тағы бір Chanel сөмкесі пара ретінде танылған жоқ, себебі оған байланысты нақты талап-тілектер болмаған.

«Сотталушы өз пайдасын табу үшін қызметтік жағдайын теріс пайдаланды. Ол Бірігу шіркеуінің өтініштерімен байланысты ұсынылған қымбат сән-салтанат заттарынан бас тартпаған», – делінген сот шешімінде.

Сонымен қатар Ким Кон Хи 2010–2012 жылдар аралығында BMW көліктерінің Оңтүстік Кореядағы дилері болып табылатын Deutsch Motors компаниясының бұрынғы басшысымен және оның жақын серіктесімен компания акцияларының бағасын қолдан өсіріп, заңсыз табыс табу мақсатында сөз байласқаны үшін айыпталды.

Оған сондай-ақ 2022 жылғы президенттік сайлау қарсаңында өзін ықпалды саяси тұлға деп таныстырған адамнан күйеуімен бірге тегін қоғамдық пікір сауалнамаларын алғаны үшін Саяси қорлар туралы заңды бұзды деген айып тағылды.

Бұрынғы бірінші ханым 2022 жылы Бірігу шіркеуінің өкілінен сыйлықтар алу үшін балгермен сөз байласты, сондай-ақ іскерлік қызметтер сұрады деген айыптарға да ілінді.
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, тамыз айынан бері қамауда отырған Ким Кон Хи өзіне тағылған барлық айыптауларды жоққа шығарады.

Арнайы прокурорлар тобы бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің жұбайы Ким Кон Хиге 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ол 2024 жылы күйеуінің әскери жағдай енгізуге жасаған әрекетіне байланысты көтеріліс айыбы бойынша сот алдына тартылған болатын. Алайда Сеулдің Орталық аудандық соты оны акция бағасын манипуляциялау схемасына қатысу және Саяси қорлар туралы заңды бұзу айыптары бойынша ақтады.

Кимнің адвокаттары тағайындалған жаза салыстырмалы түрде қатаң екенін айтып, апелляция беру мүмкіндігін қоса алғанда, алдағы қадамдарды қарастыратынын мәлімдеді.

Осылайша, Ким Кон Хи мен оның жұбайы ел тарихында қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге қамалған алғашқы бұрынғы президенттік жұп болмақ.

16 қаңтарда Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Shares