Сальвадорда ел тарихындағы ең ірі сот процесі басталды: MS-13 бандасының 486 күдіктісі сот алдында

Сальвадорда ондаған жыл бойы жасалған қылмыстарға қатысты ең ауқымды сот процесінің бірі басталды. Бұл іс аясында 2012–2022 жылдар аралығындағы 47 мыңнан астам қылмыс қаралады. AP агенттігінің мәліметінше, бір уақытта сот алдында халықаралық қылмыстық топ – Mara Salvatrucha (MS-13) ұйымына қатысы бар деп күдікке ілінген 486 адам жауап беріп жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS.
Іс аясында 2022 жылдың наурыз айында болған аса ауыр қылмыс та қаралады. Ол кезде үш күн ішінде 86 адам қаза тапқан.
Прокуратура дәлел ретінде сот-медициналық сараптама қорытындыларын, баллистикалық зерттеулер нәтижелерін және куәгерлердің айғақтарын ұсынған. Олар әрбір қылмыс үшін ең жоғары жаза тағайындауды сұрап отыр.
Айыпталушылар бес түрмеде ұсталып отыр. Олардың 413-і арнайы терроризмге қарсы орталықта қамауда. Бұл – Сальвадор президенті Найиб Букеле бұйрығымен салынған қатаң режимдегі түрме.
Құқық қорғау ұйымдары бұл мекемедегі жағдайды адамгершілікке жатпайды деп бағалайды: тұтқындар азапталатынын, олар тәулік бойы бақылауда болатынын және сырт әлеммен, соның ішінде адвокатпен де байланысуға тыйым салынғанын айтады.
Букеле билікке келгенге дейін Сальвадор әлемдегі кісі өлтіру деңгейі ең жоғары елдердің бірі болған – 100 мың тұрғынға 103 кісі өлтіру. 2021 жылы бұл көрсеткіш 19-ға, ал 2023 жылы 2,4-ке дейін төмендеген.
Сонымен бірге құқық қорғаушылар қылмыстық топтарға қарсы күрес барысында заңды процедуралар бұзылып жатқанын және кейде бандаларға қатысы жоқ адамдардың да қамауға алынатынын айтады.
Бұл – 2022 жылы елде төтенше жағдай енгізілгеннен бері өткен алғашқы ірі сот процестерінің бірі емес. 2025 жылдың наурызында Barrio 18 бандасының 52 мүшесіне үкім шығарылған. Олардың бір басшысына 245 жыл түрме жазасы тағайындалған. Сол жылдың қарашасында тағы 45 мүше сотталған, ал банданың жетекшісі 397 жылға бас бостандығынан айырылған. Жалпы алғанда, 2022 жылдан бері Сальвадор билігі әртүрлі қылмыстық топтарға қатысы бар деген күдікпен 91 мыңнан астам адамды қамауға алған.
