«Азаматтарға арналған үкімет» дайын құжаттарды жеткізу қызметін іске қосты

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы дайын құжаттарды алуды едәуір жеңілдететін жаңа қызметті енгізді. Енді құжатты алу үшін қайтадан ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ, жеткізуді тікелей үйге тапсырыс беруге болады, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Халыққа қызмет көрсету бөлімі менеджері» пилоттық жобасы аясында іске қосылған жаңа сервис Мемлекеттік корпорацияның барлық фронт-офистерінде қолжетімді.
Енді мемлекеттік қызметке өтініш берген кезде ХҚКО қызметкері азаматқа дайын құжатты қалаған мекенжайына жеткізуді ресімдеуді ұсынады. Ол үшін жеткізуге қажетті деректерді көрсетіп, банктің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасау жеткілікті. Қызмет құны республикалық маңызы бар қалаларда – Астана, Алматы және Шымкентте 1990 теңге, ал өңірлік бөлімшелерде – 1000 теңге.
«Курьерлік жеткізу 15 түрлі мемлекеттік қызмет бойынша көрсетіледі. Олардың ішінде: баланың туу туралы куәлігін алу, неке бұзу туралы куәлік, туу, неке қию, неке бұзу, қайтыс болу туралы қайталама куәліктер мен мұрағаттық анықтамалар, білім туралы құжаттардың көшірмесін беру, азаматтық хал актілерін қалпына келтіру және ресми құжаттарға апостиль қою бар. Маңыздысы – жеткізу тек ХҚКО-да өтініш беру кезінде ғана рәсімделеді», – делінген хабарламада.
Құжат дайын болған кезде азаматқа 1414 нөмірінен бірегей коды бар SMS-хабарлама жолданады. Кейін курьер қызмет алушымен байланысып, жеткізу уақытын нақтылайды. Жеткізу барысында курьер жеке куәлік пен растау коды арқылы сәйкестендіру жүргізеді.
