Инфляцияның әсері: қазақстандықтардың жалақысы өсуін тоқтатты

Қазақстандықтардың нақты жалақысы неге өспей қалғанын сарапшылар түсіндірді. Олардың айтуынша, басты себеп – өсіп жатқан инфляция, деп хабарлайды QZ NEWS 31 арнаға сілтеме жасап.
Сандарға сүйенсек
2025 жылдың II тоқсанында орташа жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 11%-ға артқан. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ең көп өсім ауыл шаруашылығы саласы мамандарында және ақпарат пен байланыс саласының қызметкерлерінде байқалды. Ал құрылыс саласы керісінше артта қалды.
Қазіргі мәлімет бойынша, елдегі орташа жалақы шамамен 450 мың теңгені құрайды. Дегенмен, қазақстандықтардың басым бөлігі орташа деңгейден төмен еңбекақы алады.
Бюроның Еңбек және өмір сүру деңгейі статистикасы департаментінің бас сарапшысы Гүлнұр Ахметқали:
«Ең жоғары өсім ақпарат және байланыс саласында – 24%, ауыл шаруашылығында – 23,7% және электрмен жабдықтауда – 17% болды. Ал төмендеу құрылыс саласында 0,7%-ды құрады. Білім беру, денсаулық сақтау, әкімшілік және қосалқы қызметтерде өсім айтарлықтай байқалған жоқ», – деді.
Халық не дейді?
Көптеген қазақстандықтар жалақы соңғы жылы артқанын мойындайды. Бірақ табыспен бірге шығындар да өсіп отыр. Қаржыгерлер қауымдастығында мұның бәрі инфляцияға байланысты екені айтылды.
Қауымдастықтың бас сарапшысы Рамазан Досов:
«Елде биыл құрылыс көбейді, жүк тасымалы артты, сауда да, мұнай өндіру де өсіп жатыр. Бірақ экономикалық өсімнің сапасына қарасақ, бұл – ірі инвестициялық жобалар, ал ондағы жұмыспен қамту көлемі аз. Сондықтан негізгі халық бұдан пайда көрмейді», – деді.
Экономистер пікірі
Мамандардың айтуынша, биыл бизнес үшін жыл өте күрделі: валюта бағамының тұрақсыздығы, салық кодексіндегі өзгерістер және тарифтердің көтерілуі – мұның бәрі кәсіпкерлерге еңбекақыны көтеруге мүмкіндік бермей отыр.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың II тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 448 620 теңгені құрады. Бұл I тоқсанмен салыстырғанда – 6%-ға, ал өткен жылмен салыстырғанда – 11,3%-ға жоғары.
Ал жан басына шаққандағы орташа айлық табыс 2025 жылдың I тоқсанында 223 848 теңгені құраған.
