Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Медициналық сақтандыруы жоқ қазақстандықтар қандай көмек ала алады?

Медициналық сақтандыруы жоқ қазақстандықтар қандай көмек ала алады?

July 3, 2025 15:12

Қазақстандықтардың көпшілігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған мәртебесі жоқ болса, медициналық көмек ала алмайды деп қате ойлайды. Алайда бұл олай емес. 2025 жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне (КТМКК) 1,63 трлн теңге бөлінген. Бұл көмек – сақтандыру мәртебесіне қарамастан, оған құқығы бар барлық адамдарға тегін көрсетіледі, деп хабарлайды QZ News.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Сәркенованың айтуынша, 2025 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыруға барлығы 2,96 трлн теңге бөлінген, оның ішінде 1,63 трлн теңге – КТМКК пакетіне, ал 1,33 трлн теңге – МӘМС пакетіне бағытталған.

КТМКК алуға құқылы тұлғалар:

  • Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • Кандастар;
  • Босқындар;
  • Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, тұруға рұқсаты бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар.

Уақытша келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар, КТМКК шеңберінде көмек ала алады. КТМКК аясында қандай қызметтер қолжетімді:

 Жедел медициналық көмек
— Жедел жәрдем шақыру, санитариялық авиация қызметтері.

 Бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК)
— Учаскелік дәрігердің (ЖТД, терапевт, педиатр, мейірбике) қабылдауы, диагностика, кең таралған ауруларды емдеу және бақылау, профилактикалық тексерулер, вакцинация, ерте анықтау, салауатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, жүкті әйелдер мен босанғандарға бақылау.

 Амбулаториялық деңгейде мамандандырылған көмек
— АИТВ және туберкулездің алдын алу мен диагностикасы, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларды анықтау мен емдеу, жарақаттар, уланулар мен шұғыл жағдайлар кезіндегі қызметтер.

 Күндізгі стационар қызметтері
— Әлеуметтік маңызы бар және созылмалы сырқаттары бар тұлғаларға арналған.

 Стационарлық көмек
— Шұғыл жатқызу, ауруханадағы қабылдау бөлімінде диагностика мен ем, әлеуметтік маңызы бар және сирек кездесетін (орфандық) аурулар бойынша жоспарлы жатқызу, қауіпті жұқпалы немесе паразиттік аурулармен байланыста болғандарды оқшаулау.

 Медициналық оңалту
— КТМКК аясында туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған.

 Паллиативтік көмек
— Уәкілетті орган бекіткен аурулар тізбесі бойынша.

 Қан және оның компоненттерімен қамтамасыз ету
Патологоанатомиялық диагностика
 Ағзаларды трансплантациялау үшін мәйіт донорларын дайындау, алу, сақтау және тасымалдау

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен созылмалы аурулар тізіміне сәйкес, амбулаториялық деңгейде тегін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қарастырылған.

Shares