Нұртлеу, Мәдиев, Сүлейменова: Ақордада кадрлық ауыс-түйістерге түсініктеме берілді

Қазақстан Президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Үкіметтегі кадрлық ауыс-түйістерге түсініктеме берді, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
БАҚ өкілдерінің соңғы кадрлық өзгерістерге қатысты сұрақтарына орай Руслан Желдібай бұл – қалыпты кадрлық ротация екенін айтты. Мақсат – мемлекеттік қызметтің ең маңызды бағыттарында жұмыстың тиімділігін арттыру.
«Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұлттық экономикаға қосымша инвестициялар тарту бойынша күш-жігерді арттыруды басым міндет ретінде айқындады. Бұл маңызды салаға жауапкершілік тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртлеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол шетел мемлекеттері өкілдерімен ең жоғары деңгейде, сондай-ақ ірі шетелдік компаниялардың басшыларымен байланыс орнатып, халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын жедел ілгерілету мәселелерімен айналысатын болады», – деді Руслан Желдібай.
Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Мемлекет басшысының Жаслан Мәдиевті Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне тағайындағанын да еске салды.
Министрлік басшысына Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру мақсатын жүзеге асыру бойынша нақты міндет жүктелді.
«Президент оған стратегиялық маңызы бар алдағы жауапты жұмысы жөнінде нақты түсіндірмелер берді. Бұдан бөлек, Премьер-Министрмен келісім бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Ол өзінің белсенді қоғамдық қызметімен танымал әрі білім беру саласында мол тәжірибесі бар», – деп түсіндірді Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
Айта кетейік, жаңа Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2023 жылдың наурыз айынан бері Amanat партиясынан VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болып қызмет атқарды.
