Орташадан төмен: Қазақстанда медианалық жалақы мөлшері аталды

Қазақстанда медианалық жалақы бойынша жаңа статистика жарияланды. Оның мөлшері – 317 512 теңге. Бұл — жалақы мөлшерлемесінің дәл ортасында тұрған қазақстандықтың табысы, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросы жыл сайын елдегі еңбекақы деңгейіне зерттеу жүргізеді. Соның нәтижесінде медианалық жалақы — яғни қызметкерлердің табыстарының ортаңғы нүктесінде орналасқан сома анықталады.
2025 жылдың сәуір айында жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша, медианалық жалақы 317 512 теңгені құраған. Бұл дегеніміз – қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп жалақы алады деген сөз. Бір жыл ішінде көрсеткіш 11,1%-ға өскен, алайда ол биылғы жылдың екінші тоқсанындағы орташа атаулы жалақыдан 29,22%-ға төмен.
Зерттеуге сәуір айында толық жұмыс істеген шамамен 3,34 миллион қазақстандық қатысты: оның ішінде 1,6 миллионы – ер адамдар, 1,7 миллионы – әйелдер.
Медианалық жалақыны есептеу кезінде барлық үстемақылар, сыйақылар, салықтар мен зейнетақы аударымдары ескерілген. Зерттеуге барлық ірі кәсіпорындар және орта мен шағын кәсіпорындардың 30%-ы (шағын бизнес субъектілерін қоспағанда) қамтылды. Зерттеу нәтижесінде орта білімі бар қызметкерлердің орташа айлық жалақысы – 289 673 теңге, жоғары білімділердікі – 497 563 теңге, ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандардікі – 672 493 теңге болғаны анықталды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Сенат кулуарында азаматтардың негізгі қажеттіліктерін өтей алатын жалақы деңгейі туралы да пікір білдірді.
«Біздің ойымызша, азаматтың өмір сүру қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуі үшін жалақы медианалық еңбекақыдан төмен болмауы немесе одан жоғары болуы тиіс. Қазір орташа жалақы – 400 мың теңге, ал медианалық жалақы – 288 мың теңге шамасында», – деді Асқарбек Ертаев.
Оның айтуынша, министрлік ел бойынша 95 мың ұйымдағы жалақы деңгейін тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Солардың ішінде 73 мың ұйымның (яғни жалпының 76 пайызының) еңбекақысы медианалық деңгейде немесе одан жоғары екені анықталған.
