Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды

2025 жылғы 25 шілдеде Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды QZ NEWS Zakon.kz дерегіне сілтеме жасап.
Судья Сабыржан Каримовтың айтуынша, Перизат Қайрат кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы да кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды, әрі сот залында қамауға алынды. Екеуі де жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді.
2025 жылғы 22 шілдеде Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі сотында Перизат Қайрат ісі бойынша жарыссөздер басталған болатын. Мемлекеттік айыптаушы оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал басты сот талқылауы 2025 жылғы 14 шілдеде басталған. Перизат Қайрат алаяқтық және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру баптары бойынша айыпталған еді. Процестің басында прокурорлар оның ақшаны нақты не үшін жұмсағанын баяндаған.
Іс бойынша куәгерлердің бірі сотта Перизат Қайрат кәсіпкерлер су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жіберген қаражатты қытайдың торлы сөмкелерімен тасымалдағанын айтқан. Сондай-ақ прокурор сотта тергеу нұсқасы бойынша айыпталушы су тасқыны кезінде иемденген 2,8 миллиард теңгеден астам қаражатты қалай заңдастырғанын түсіндірді. Сотта Kaspi Bank-тің бас заң кеңесшісі де сөз алып, 620 миллион теңгенің Перизат Қайраттың қорына аударылғаны туралы мәлімдеді.
