Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіруді тоқтатуды тапсырды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіруді тоқтатуды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Руслан Желдібайдың жазуынша, Президент «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіру мәселесімен танысып, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйін жөндеп, оқушылардың оқуын оңтүстік астанада жалғастыруына жағдай жасауды және бұл мекемені қаланың балансына алуды тапсырды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балаларды көшіру тоқтатылды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі тарапынан қызметтік тексеріс жүргізіледі. Ата-анасыз қалған балалардың заңмен кепілдендірілген барлық құқықтары толығымен сақталады, – деп жазды Руслан Желдібай.
Еске салайық, бүгін әлеуметтік желілерде Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру сәті түсірілген бейнежазбалар тарады. Кадрлардан балаларды полиция қызметкерлерінің қатысуымен көшіруге тырысқаны байқалады. Бір қыздың жағдайы нашарлап қалғаны да бейнеден көрінеді.
Бұл жағдай бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саинның да ашуын туғызды. Ол балалардың келісімінсіз және пікірлерін ескермей көшіру — олардың құқықтарының өрескел бұзылуы екенін айтты.
– Бұл жағдай енді жеке мәселе емес, мемлекет тарапынан шұғыл араласуды қажет ететін қоғамдық трагедияға айналды, – деді Саин.
Айта кетейік, балалар үйінің көшіру мәселесі биыл наурызда белгілі болды. Сол кезде тәрбиеленушілердің атынан көшуге қарсы бейнежолдау жарияланған еді. Өңірдің білім басқармасы Алматыдағы ғимараттың апатты жағдайда екенін, 1963 жылы салынғандықтан әрі қарай пайдалануға жарамсыз екенін мәлімдеген. Ал шілде айында Алматы облысының әкімдігі балаларды Қонаевтағы жаңа ғимаратқа көшіру туралы шешімнің күшінде екенін тағы да растаған болатын.
– Ескі ғимарат тозған. 1,8 млрд теңгеге капитальды жөндеу жобасы экономикалық жағынан тиімсіз деп танылды. Біз салмақты әрі жауапты шешім қабылдадық, – деді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова.
Жаңа балалар үйі Қонаев қаласында жеке инвестордың қаржысына салынған. Инвестиция көлемі – 4 миллиард теңге.
