Қазақстан Президенті: «Заңды ел азаматтарының барлығы сөзсіз құрметтеп, сақтауы тиіс»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекетшілдік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз сөйледі, деп хабарлайды QZ NEWS.
Мемлекет басшысы 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанын атап өтті. Бұл сәт ел тарихындағы маңызды кезең болды.
«Шын мәнінде, біздің Негізгі заңымыздан асқан құндылық жоқ. Конституция – Тәуелсіздігіміздің берік іргетасы әрі мемлекетшілдікті нығайтудың сенімді бағдаршамы. Қазақстан дербес мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Осы отыз жыл ішінде Негізгі заңымызға 6 рет түзетулер енгізілді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция адам құқықтарын қорғаудың құқықтық негізі болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл – мемлекеттік саясаттың бұлжымас қағидаты.
«Еліміздің Негізгі заңы – жаңа қоғамдық келісімнің айқын көрінісі. Ол ұлттық бірегейлікті нығайтуға, заңды мүлтіксіз сақтау мен жауапты азаматтық идеологиясын ілгерілетуге бағытталған. Заңның үстемдігі – әділетті қоғам мен халқымыздың игілікті өмірге жету жолы. Сондықтан тағы қайталап айтамын: Заңды еліміздің барлық азаматы құрметтеп, сақтауы тиіс. Қазақстанның заңгерлік қауымдастығы Конституцияның негізгі қағидаттарын азаматтарымызға түсіндіріп, олардың Заң мен Тәртіп рухында жауапты әрекет ету қажеттігіне сендіруі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, конституциялық, саяси және экономикалық реформалар, халықтың зор әлеуеті, білім, ғылым мен мәдениетке салынған ауқымды инвестициялар елдегі оң өзгерістерге жол ашты.
Қасым-Жомарт Тоқаев біздің буынның міндеті тек өзгерістердің куәсі болу ғана емес, сонымен қатар ұлы істерді жүзеге асыру екенін атап өтті.
«Біз тарихқа қазақ халқының Қайта өрлеу дәуірінің ұрпағы ретінде енуіміз керек. Ұрпаққа дамыған, өркениетті әрі құқықтық мемлекет қалдыруымыз қажет. Бұл – біздің тарихи борышымыз», – деді Президент.
Оның сөзінше, басты міндет – алдыңғы қатарлы әрі бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу, халықтың әл-ауқатын арттыру, елдегі тұрақтылықты сақтау және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету.
