Қазақстанда 100 мың теңгеге өмір сүруге бола ма — сарапшылар зерттеді

Қазақстанда өмір сүру қымбаттап бара жатқаны жасырын емес: бұрын бір айға азық-түлікке жететін сома қазір кейде екі аптаға да жетпей қалады. Дегенмен, бұл көп жағдайда өңірге байланысты. EconomyKZ сарапшыларының мәліметінше, кейбір аймақтарда айына 100 мың теңгеге бір адамға негізгі шығындардың барлығын жабуға болады, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Мәселен, айына 100 мың теңгемен «ыңғайлы» өмір сүруге болатын өңірлер — Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шымкент қаласы және Жетісу облысы.
Бұл өңірлерде жан басына шаққандағы орташа табыс 100 мың теңгеден аз, сондықтан мұндай табысы бар қазақстандық сол аймақтағы орташа деңгейден жоғары табысқа ие болады. «Арзан» өңірлерде бұл ақша бір адамға негізгі шығындарды жабуға жетеді:
- азық-түлік – шамамен 30 000 теңге;
- ет пен балық – 17 000 теңге;
- коммуналдық қызметтер – 6 500–8 000 теңге;
- ойын-сауық – шамамен 4 000 теңге;
- көлік пен байланыс – 7 000–8 000 теңге.
Абай және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 100 мың теңгемен «орташа» жергілікті тұрғынындай өмір сүруге болады — бұл аймақтарда жан басына шаққандағы табыс шамамен осы деңгейде.
Бұл сомаға азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық химия, қажетті ұсақ-түйек заттар сатып алуға, баспана мен коммуналдық төлемдерді өтеуге, шаштараз және жөндеу қызметтерін пайдалануға, кафе мен ойын-сауық орындарына баруға, сондай-ақ салық пен несие сияқты міндетті төлемдерді жабуға болады.
Ал Алматы, Астана, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында 100 мың теңгемен жайлы өмір сүру мүмкін емес. Бұл ақша кафеге баруға да, ойын-сауыққа да жетпейді. Мұндай табысы бар қазақстандықтар азық-түлік таңдауда шектеліп, ірі сатып алулардан бас тартуға мәжбүр болады.
Айта кету керек, бұл шығындар тізіміне баспана ақысы кірмейді. Қазақстандықтардың бәрінде жеке пәтер жоқ, көбісі жалға алуға мәжбүр.
Міне, негізгі мәселе де осында: көп өңірлерде, әсіресе Алматы мен Астанада, айына 100 мың теңгеге жалға пәтер табу мүмкін емес деуге болады, ал бұл сегменттегі бағалар әлі де өсіп жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, 100 мың теңгеге тек өз баспанасы бар адамдар ғана өмір сүре алады.
Айтпақшы, соңғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы орташа жалақы 448 620 теңгеге дейін өсті.
