Қазақстанда 25 қыркүйекте алғашқы АЭС-ке ең үздік атау беру конкурсы басталады

25 қыркүйектен бастап елімізде алғашқы атом электр станциясына ең үздік атау беру жөніндегі жалпыхалықтық конкурс бастау алады. Бұл бастаманы Атом энергиясы агенттігі көтеріп отыр, деп хабарлайды QZ NEWS.
ҚР Атом энергиясы агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, комиссия құрамына қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих саласындағы сарапшылар кірген. Олар конкурс өткізу ережелерін бекітті.
Ұсыныстар 25 қыркүйектен 10 қазанға дейін қабылданады. Өз нұсқаңызды eGov Mobile қосымшасы арқылы жіберуге болады. Агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев конкурс атом саласы қызметкерлері күніне орайластырылғанын атап өтті. Бұл — саланың ел дамуы үшін маңыздылығын айқындайтын шара.
Ұсыныстар жиналғаннан кейін комиссия барлық нұсқаларды талдап, қазан айының соңына қарай АЭС-ке ең үздік атауды анықтайды. Конкурс ережелері ресми сайтта және Агенттіктің Telegram-арнасында жарияланады.
