Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда дүкендер мен супермаркеттерде алкоголь сату тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда дүкендер мен супермаркеттерде алкоголь сату тыйым салынуы мүмкін

October 13, 2025 15:21

Ішкі істер министрлігі елдегі алкоголь өнімдерін сатуға қатысты бірқатар шектеулер енгізуді ұсынды. Бұл туралы министр Ержан Сәденов Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Сәденовтің айтуынша, алкоголь — елдегі қылмыс деңгейіне тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Оның сөзінше, жыл сайын мас күйінде 10 мыңға жуық қылмыс жасалады.

Министрлік өкілдері атап өткендей, қазіргі қабылданып жатқан шаралар — мәселенің салдарымен күрес қана, себебімен емес.

«Кейбір арсыз кәсіпкерлер пайда табу мақсатында спирттік ішімдіктерді сатуға қойылған жас және уақыт шектеулерін елемейді. Кафе немесе бар түрінде тәулік бойы сатады. Сондай-ақ онлайн жеткізу де кеңінен таралған. Ал лицензиядан айыру шарасы тиімсіз — оны келесі күні басқа тұлғаның атына рәсімдеуге болады», — деді Ержан Сәденов.

ІІМ алкоголь өнімдерін интернет арқылы сатуға толықтай тыйым салуды, сондай-ақ:

  • спирттік ішімдіктерді тек арнайы дүкендерде (алкомаркеттерде) сатуды;
  • лицензия беру тәртібін қатаңдатуды және олардың санын шектеуді ұсынды.

Министр көңіл көтеру орындарындағы шектеулер жайлы да айтты:
«Көңіл көтеру орындарында алкоголь сату уақытына шектеу қою қажеттігі туындап отыр. Мұндай нысандарда мас күйінде 1400-ден астам қылмыс тіркелген, оның ішінде үш кісі өлімі бар».

Алайда Сәденовтің айтуынша, кейбір мемлекеттік органдар бұл ұсыныстарды әзірге қолдап отырған жоқ.

Қазақстанда алкоголь сату ережелері қалай қатаңдатылып келеді:

2014 жыл: Елде алкоголь сату уақыты шектелді. Қатты ішімдіктерді дүкендерде 21:00-ден 12:00-ге дейін, ал жеңіл алкоголь өнімдерін 23:00-ден 08:00-ге дейін сатуға тыйым салынды. Бұған дейін шектеу жұмсақтау болатын: жұмыс күндері 23:00–08:00, демалыс күндері 00:00–08:00 аралығында.

2020 жыл: Алкоголь және темекі өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым енгізілді. Бұған дейін бұл шектеу 18 жасқа дейінгі азаматтарға ғана қолданылған еді.

Shares