Қазақстанда ең төменгі жалақы 500 мың теңгеге көтерілсе не болады – аналитик түсіндірді

Қазақстанда 2025 жылға белгіленген ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 85 000 теңгені құрайды. Бұл ресми түрде жұмыс істейтін азаматтар еңбек шарты бойынша осы сомадан аз ала алмайды дегенді білдіреді. Алайда кейде бұл көрсеткішті айтарлықтай көтеру керек деген пікірлер айтылады – мысалы, орташа жалақы деңгейіне (448 620 теңге) дейін немесе одан да жоғары. Бірақ тым жоғары мөлшердің өз тәуекелдері бар, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Мұндай шаралардың немен аяқталуы мүмкін екенін Finance.kz арнасының авторы, аналитик Андрей Чеботарев түсіндірді.
Аналитиктің айтуынша, қазіргі уақытта жалақысы 500 мың теңгеден төмендердің үлесі 71%-ды, яғни 5,3 млн қазақстандықты құрайды. Егер заң жүзінде жұмыс берушілерді осы деңгейге дейін еңбекақы көтеруге міндеттесе, бірқатар салдарлар туындайды:
- ЕТЖ-ны көтеру жұмыс берушілерден еңбекақы қорын 40%-ға ұлғайтуды талап етеді, бұл жылына 15,4 трлн теңгеге дейін жетеді;
- Жалақы өсімі мен экономикаға қаржы құйылуы салдарынан инфляциялық соққы қосымша 8–12 пайыздық тармақты құрайды. Яғни қазіргі 11% орнына ол 23%-ға дейін көтеріледі;
- Мемлекеттік бюджет қосымша 3,7 трлн теңгеге дейін шығын көреді.
Сонымен бірге аналитиктің айтуынша, жұмыссыздық қазіргі шамамен 5%-дан 14–16%-ға дейін артады. Себебі бизнес мұндай еңбекақыны қамтамасыз ете алмайды, ал қазақстандықтар тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына тап болып, оған қаржысы жетпей қалады.
Нәтижесінде шамамен 1 млн қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін. Ең көп шығынға ұшырайтын салалар – сауда, білім беру және ауыл шаруашылығы.
«Өз басым жеке секторда ЕТЖ деген ұғымға қарсы екенімді айта кетейін, өйткені жалақы – жеке жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісім. Бірақ қазір біздегі жұмыс берушілер мен жұмысшылардың жағдайын ескерсек, бұл идеал нарықтық көрініске жақын арада қол жеткізе қоюымыз екіталай», – деп түйіндеді сарапшы.
