Қазақстанда жаңа 1000 теңгелік банкнот айналымға шығады

2025 жылғы 9 мамырдан бастап Қазақстан Ұлттық банкі Жеңістің 80 жылдығына арналған 1000 теңге номиналындағы мерейтойлық банкнотты айналымға енгізеді. Банкноттың таралымы шектеулі барлығы 5 миллион дана ғана, деп хабарлайды QZ News Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Банкноттың түсі – ақшыл қоңыр Алдыңғы бетінде бейнеленген:
28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалы – Отан үшін жанын қиған қаһармандарға тағзым;
Микрооптикалық қорғаныш жолағы. Қарау бұрышы өзгергенде жолақта тереңдік, көлем мен жарқырау әсері бар үшөлшемді бейне көрінеді, сонымен қатар мәңгілік от пен ұшып бара жатқан тырналардың қозғалыс эффектісі байқалады. Тырна бейнесі – мейірім мен үміттің, өмірдің символы.

Кері бетінде:
Қазақстан картасы және тарихи мұрағат фотоларының фрагменттері;
Ерлік, табандылық пен батылдықтың нышаны ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген.
«1000 теңге номиналындағы мерейтойлық банкнот Қазақстан аумағында төлемнің барлық түрі бойынша, банк шоттарына аудару, айырбастау және қолма-қол ақша операциялары үшін номиналды құны бойынша міндетті түрде қабылдануы тиіс», – деп еске салды Ұлттық банк.
Бұған дейін Ұлттық банк 28 наурыздан бастап жаңа 1000 теңгелік банкнотты айналымға шығаратынын хабарлаған еді. Бұл – «Сақ стилі» сериясындағы төртінші банкнот. Ол дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастауы саналатын «сақ стилі» элементтері негізінде жасалған және көшпелілер мәдениетінен қазіргі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.
Аталған банкноттар кең көлемде айналымға 2025 жылдың екінші жартысында түседі. Себебі банкноттарды елдің барлық өңірлеріне жеткізу және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар мен басқа кассалық құрылғылар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
