Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Төрт күндік жұмыс аптасы: қазақстандықтардың жалақысы қандай болады?

Төрт күндік жұмыс аптасы: қазақстандықтардың жалақысы қандай болады?

July 25, 2025 16:00

Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасын енгізудің азаматтардың жалақысына қалай әсер ететіні туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде түсініктеме берілді, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті басқармасының басшысы Шалқар Оразбековтың айтуынша, елімізде төрт күндік жұмыс аптасын енгізуге 2015 жылдан бастап рұқсат берілген.

– 2023 жылы қабылданған Әлеуметтік кодекс аясында төрт күндік жұмыс аптасына көшу мүмкіндігі де қарастырылды. Ал жалақыға келер болсақ, Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы орындалған жұмыс көлеміне пропорционалды түрде төленеді. Демек, егер жұмыс күндерінің саны қысқарса, жалақы мөлшері де соған сай азаяды, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сонымен қатар, егер жұмыс беруші жұмыс күндерінің қысқарғанына қарамастан, бұрынғы бес күндік жұмыс кестесі бойынша белгіленген жалақыны сақтап қалса, бұл еңбек заңнамасын бұзу болып есептелмейді және Еңбек кодексіне қайшы келмейді, деп толықтырды басқарма басшысы.

Айта кетейік, вице-премьер Тамара Дүйсенова Еңбек кодексінде 4 күндік жұмыс аптасының заңмен бекітілгенін еске салды. Бұл ретте жұмыс режимін – 4 күндік пе, әлде 5 күндік пе – жұмыс беруші мен қызметкер өзара келісіп шешеді.

– Бұл – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім. Біз, әсіресе, қысқы мезгіл туралы айттық. Мысалы, қонақүйлер қызметкерлерін 4 күндік жұмыс режимімен жұмыс істетуі мүмкін. Бірақ туристер көптеп келетін маусымда 6 күнге дейін арттыра алады. Алайда апталық жұмыс уақыты – 40 сағат – сақталуы тиіс, – деді Тамара Дүйсенова Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, жұмыс аптасының ұзақтығы әр салаға байланысты болады.

– Меніңше, бұл жүйеге туризм, қонақүй бизнесі және қызмет көрсету саласындағы мамандар оңай бейімделе алады. Бұл салалар төрт күндік форматта жұмыс істеуге ыңғайлы, – деді вице-премьер.

Shares